Tarmaqtar, Kazak Bubble, Friedrich Shegirtke: қазақ тіліндегі ерекше жобалар жөнінде

Жасыратыны жоқ, уақытымыздың көп бөлігін әлеуметтік желілерде өзімізге түкке де керегі жоқ нәрселерді қараумен-ақ өткіземіз. Тіпті, уақыттың қалайша тез өтіп жатқанын аңғармай қалып жатырмыз. Жоқ, кірме, пайдаланба, қолданба демейміз. Тек соңғы жылдары бас көтеріп, пайдалы, әрі танымдық бағытта контент жасап жатқан жастардың жобаларына да бір ауық назар салып қойыңыз демекпіз. Ең бастысы, барлығы дерлік қазақ тілінде жүзеге  асып жатыр. Сондай жобалардың бір тобы қазақ әдебиетінің эстетикасы «Tarmaqtar» мен тіл білімін қарапайым да қызық жолмен түсіндіретін «Kazak Bubble»-ды және интеллектуалды «Friedrich Shegirtke» жобаларын білесіз бе? Естімеген болсаңыз, бұл мақала сізге арналған.

Өзін «жан тыныштығы министрлігі» деп таныстыратын, нағыз әдебиетсүйер қауымға арналған «Тармақтар» жобасының авторы – жас ақын Рысгүл Досжанова.  Бұл жобаның бастау алуына «Кітап оқитын адам аз, оқуға уақыт жоқ» деген пікір түрткі болған екен. «Үй мен жұмыстың арасында жүріп шығармашылық тоқырауға тап болғандай сезініп, кітапты да қолыма сирек ұстайтын болдым. Тым құрығанда, өзім үшін көпшіліктің алдында бір өлең болса да оқып қазақ поэзиясын насихаттасам деп ойладым» – дейді Рысгүл. Ал неліктен «Тармақтар» деген атау қойдыңыз?, – деген сауалға «Бізде әдебиетті детальмен көрсету өте аз. Әдебиетті мейлінше минимализммен көрсеткім келеді. Негізі өлеңді оқығанда, тыңдағанда адам санасында ерекше деген тармақтар ғана сақталады ғой. Оны қайталап айтып та жүресің. Тармақтарымен ғана белгілі қаншама өлеңдер бар. Жастар поэзиясындағы сондай өлеңдердің көп болғанын қаладым. Солай-солай «Тармақтар» жобасы өз жұмысын бастап кетті» деп жауап берді.

Парақшаның дизайны, таңдалған әр тармақ аристократтық көзқарастағы жоба жетекшісінің талғамымен жасалады. Кез келгеннің халтура өлеңі шыға бермейтін, бөлек атмосферадағы дүние болғанын қалаған талғампаз ақын қыз: «Әу бастан қалаған нәрсем орындалып келеді» дейді. Рысгүлдің айтуынша, жоба аясында махаббатты жеткізетін тармақтар құтысын да жасаған екен. Құтыға ақындардың ең, ең деген сезім, іңкәрлік туралы тармақтары салынған. Бұл бастама да оқырмандардың көңілінен шығып, әлі күнге дейін сұраныс жасап жатқандар қатары аз емесін айтады.

«Әдебиетті бизнеске айналдыру үшін үлкен күш керек, ал мен әдебиеттің, «Тармақтардың» үлкен бір брендке айналғанын, капитализмге жеткенін қалаймын, –  дейді – біз маркетингті барлық салада қолданамыз, бірақ әдебиетке келгенде тосылып қалғанбыз. Блогердің не істеп жатқанын бәрі білуі мүмкін, дегенмен ақын-жазушылардың ұлы дүниелер жасап жатқанынан хабарсызбыз» деп түйіндеді сөз соңын.

Лингвистикаға қызығушылығы бар немесе таным көкжиегін кеңейтем дегендерге арналған «Kazak Bubble» – 2020 жылдың мамырында ашылған ғылыми-көпшілік таптырмас парақша. Жобаның негізгі тақырыптары – тілтану  ғылымы мен қазақ тілі. Бұл туралы жоба жетекшісі Бибарыс Сейтақ: «Тілге қатысты аңыздар, қауесет біздің қоғамда да аз емес, олардың қайсы ғылыми дәлелденген, қайсы жай ойдан құрастырылғанын түсіндіру, тілге қатысты ғылыми мәліметті қарапайым сөзбен жеткізу біздің мақсатымыз» дейді.

«Жобаны қолдайтындар көп. Жазылатын пікірдің барлығы дерлік – позитив пікір. Оқырмандарымыз қолдап тұрады. Олардың арасында қазақ тілін үйреніп жүргендер де, тіпті жетік меңгергендер де бар», – дейді ол. Бибарыс  еліміздегі іргелі Назарбаев университетінің тілтану мамандығын бітіріп, осы күні аталмыш оқу орнында дәл осы мамандықтықтың магистратурасында оқиды.

Ал өзіндік аурасы бар  Friedrich Shegirtke – философия, кино, әдебиет, сурет өнері туралы аудармалар мен мақалалар ұсынатын интеллектуал бағыттағы жоба. Жобаның негізін қалаушы – жазушы, аудармашы Сафина Ақтай. Оның айтуынша,  бұған дейін Friedrich Shegirtke аударма саласында М.Хайдеггер, М.Фуко, Ж.Делөз сынды батыс философтарының сұхбаттары мен мақалаларын қазақ тіліне аударған. «Shegirtke-нің алдағы негізгі мақсаттарының бірі – отарсыздану тақырыбы. Болашақта журнал ашып аудитория ауқымын арттырып, нарықтық кезеңге өткіміз келеді» дейді Сафина ханым. Жоба атауының ерешелігі жөнінде «Friedrich Shegirtke-нің негізгі бағыты философия болғандықтан, солай атауды жөн көрдік» деп қысқа қайырды.

Жаңа технологиялардың қолданып креативтілігімен ерекшеленетін белсенділер осылай-ақ тың бастамалар жасап, қазақ тіліндегі танымдық дүниелердің қатарын көбейтіп жатыр. «Әр автор өз жобасының болашақта кең қанат жайып ауқымды дүниеге айналарына сенеді. Сол жолда ізденіс пен еңбектің арқасында мақсатқа жетуді көздейтін олар қоғамда да дәйім қолдау тауып отыруы керек», –  деген пікір білдіреді аталмыш жобалалардың желідегі белсенділері.

Зура Әлімжан, арнайы «Тілші» үшін.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған