«Оқыдық, оқып жатырмыз, оқи береміз» – «Кітап құрттары» клубының бастамасы жөнінде

Кітап оқу – адам баласының рухани кемелденуінің негізгі факторларының бірі. Кітап адам тәрбиелемейді, бірақ адам оқи отырып ой түйіп, өзін-өзі түзетуге талпына алады. Алдыңғы буын өкілдерінің өзінен кейінгілерге сын көзбен қарауы қалыпты құбылыс дегенмен, қоғамдағы «жастар кітап оқымайды» деген таптаурынның тапталар сәті де таяп қалған сыңайлы.

Қызылорда қаласындағы «Оқыдық, оқып жатырмыз, оқимыз! Өзіміз үшін, қоғам үшін, болашақ үшін» деген ұстанымы бар «Кітап құрттары» атымен белгілі кітап клубымен таныстық. Ойы ұшқыр, сөзге шебер, тілге жетік замандастардың бас қосуының себепшісі болып жүрген, клубтың жетекшісі Талғат Меңдібаймен сұқбаттасудың сәті түсіп біршама ақпарат алдық.

 Клубты құру идеясы қайдан туды және не үшін «Кітап құрттары» деген атауға тоқталдыңыздар?

Өзім бұрыннан кітап оқитынмын. Өзге де кітапсүйер жастардың басын қосқым келетін. Сол кездері келіншегім де: «ақыры араласатын ортаң көп қой, идеяларды біріктіріп неге бір топ құрмасқа» деп ой салды. Ақырында, осындай «Кітап құрттары» құрылған болатын.

Ал атауға келсек, орыстардың «книжные черви» дегенінен тікелей аудардық. Бұл бір жағынан маркетингтік әрекет те болды. Өйткені, «оқырмандар» сияқты әбден қалыптасып қалған сөздерге қарағанда «кітап құрттары» есте тез сақталады, әрі ерекше естіледі. Атауын естігеннен-ақ қызығушылығыңды оятып, «бұл не екен?» деп елең еткізетіндей боп көрінді.Сол үшін осылай атауды жөн көрдім.

 «Кітап құрттарына» қоғамның көзқарасы қалай?

Бастапқы кездері клуб атауына байланысты түрлі пікірлер айтылды. «Басқа ат жоқ па?», «Неге кітап құрты?» сияқты сұрақтар жиі қойылатын. Кейін олар үйреніп, біз үйренісіп кеттік. Негізінен, клубқа деген қоғамның көзқарасы оң. Барлығы қызығып, келушілердің де қатары артып жатыр. Осы күні клуб мүшелерінің саны 100-ден асып жығылады.  Облыс әкіміне дейін келіп танысып, жиынымызға қатысты. Қазіргі таңда «кітап құрттары» кітап клубы  –  қоғамдағы бір қозғалыс болып орын алды деуге болады.

Кітап клубының жұмыс жүйесі қалай жүзеге асады? Орындалған және алға қойған мақсаттарыңыз туралы айтсаңыз

Біз әр сенбі сайын әртүрлі тақырыпты талдауға жиналамыз. Яғни, бір кітапты емес, бір тақырып төңірегінде талқы болады. Бірде кітап, бірде кино талқылаймыз. Жиналыстың форматын әртүрлі етіп өткіземіз: кейде кештер, кейде интеллектуалдық ойындар болады. Квест те ұйымдастырдық. Әр жиналысты қазақша, орысша, тіпті ағылшынша да өтеміз.

Орындалған мақсатымыз ютубқа подкаст шығардық, біраз лауазымды тұлғалармен кездестік, сұқбаттас болдық. Жалпы мақсатымыздың дені орындалды дей аламын.

Ал алдағы мақсат: республикалық деңгейге шығу. Ол үшін де жұмыстар істеліп жатыр. Осы орайда, Қазалы ауданында филиалымыз барын да айта кету керек.

Оқырмандардың, нақтырақ клуб мүшелерінің арнайы жүктемелері бар ма? Жалпылама түрде «Кітап құрттарының» миссиясы не?

Ешкімге ешқандай ештеңе жүктелмейді. Әр қатысушы еркін қатысады. Тек бұрыннан келе жатқан, әбден үйреніскендердің ғана белгілі міндеті бар. Оның өзі олардың мамандығына, жұмысына сай жұмыстар ғана. Мысалы, медиа-контент бойынша.

«Кітап құрттарының» белгілі бір, нақты жиналатын нүктесі жоқ, әдетте жиналыстар әртүрлі жерде өтеді. Қаламыздағы барлық мекемелермен нетуоркинг жақсы дамыған. Әр жиынның түрлі орында өтуі өзіміз үшін де қызық.

Клубтың миссиясы, қысқаша айтқанда:  жастарды, қоғам мүшелерін кітап оқуға баулу.

Негізінен қандай бағытта, қай тілде оқисыздар?

Әртүрлі бағытта  қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде, үш тілде де оқиды. Біз бағытқа шектеу қоймаймыз. Кітаптың аты – кітап. Кітап – білімнің көзі. Оның жақсы, не жаман екені туралы оқып болғаннан кейін ғана айта аламыз. Яғни, мәселе бағытында емес, мазмұнында деген пікірдемін.

«Кітап құрттарында» орын алған соңғы жаңалықтарыңызбен бөліссеңіз:

Қазіргі таңда «Кітап құрттары» Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызының қолдауымен университет базасында орналасты. Университеттен қосымша білім беру орталығына осы клубты курс ретінде енгізіп жатыр. Бұл да біз үшін жетістік.

Клубқа қалай мүше бола аламыз?

Клубқа кез келген адам мүше бола алады. Әдетте әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жиналыс орны мен тақырыбын хабарлап отырамыз. Мүше боламын дейтіндер желідегі парақшамызға жазып сұрақтарын қойса болады немесе бірден жиналыс орнына келсе де қарсы аламыз.

Сұқбатыңыз үшін алғыс!

 Зура Әлімжан, арнайы «Тілші» үшін

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған