Фактчекер журналист ақтөбелік БАҚ өкілдеріне медиасауат жөнінде тренинг өткізді

Фактчекер, журналист Жансерік Тілеухан ақтөбелік әріптестері мен болашақ тілшілерге медиасауат және ақпараттық қауіпсіздік жөнінде семинар-тренинг өткізді, деп хабарлайды «Тілші».

«Тілші» қоғамдық қоры ұйымдастырған шараға 25 адам қатысты. Олардың қатарында телеарна, радио, газет, сайт тілшілері, аудандық БАҚ өкілдері мен журналистика бөлімінің студенттері бар.

«Толассыз ақпарат заманында қайсысы рас, қайсысы жалған екенін алдымен БАҚ өкілдері білуі керек. Мен қызмет ететін Factcheck.kz ұжымы осы бағытта үлкен іс тындырып келеді. Өңірдегі әріптестеріме ақпарат танудың қыр-сырын үйретуге келдім. Теориядан бөлек практикалық ойындар ұйымдастырдық. Жалпы, бүгінгі таңда медиа өкілдері тарапынан медиасауатқа сұраныс жоғары», – дейді Жансерік Тілеухан.

Айта кетейік, «Тілші» қоғамдық қоры жыл басынан бері әртүрлі тақырыпта 10-нан астам офлайн және онлайн семинар-треингтер ұйымдастырып келеді.

Жаңагүл Жүрсін, Гүлсаян Ыбырай, Есенгүл Кәпқызы, Әсия Бағдәулетқызы, Жансерік Тілеухан, Қамбар Мұқаш, Алтынай Сағындықова, Ақтілек Орынбасарова, Нұржан Дияров сынды тренерлер батыс аймақтың Атырау, Ақтау, Орал және Ақтөбе қалаларында ақпарат алу, ақпарат көздері, экстремизм тақырыбында сауатты материал жазу, мобильді журналистика, ақпарат жеткізудің заманауи үлгілері, психологиялық амалдар, өшпенділік тілі, т.б. тақырыптарында тренингтер өткізді.

Айта кетейік, «Батыс өңірдің қазақтілді БАҚ өкілдерінің әлеуетін арттыру» жобасы Қазақстандағы Нидерланды Корольдігі елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылып келеді.

«Тілші-ақпарат»

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған