«Журналистика билікке емес, билік оған әсер етеді». Қазақстандағы БАҚ пен мемлекеттік тапсырыс жайлы

Қазақстан билігі жыл сайын ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыс беруге ондаған миллиард теңге жұмсайды. «Әділ сөз» баспасөз құқығын қорғау ұйымындағы командасымен бірге қазақстандық журналистиканың жай-күйі туралы мультфильм түсіріп, карикатура салып жүрген журналист Мирас Нұрмұханбетовтың пікірінше, бұл сөз бостандығын шектеп, редакциядағы цензураға әсер етеді. Азаттық журналиспен авторлық жобалары және елдегі баспасөз құралдарының жай-күйі жайлы әңгімелесті.

Мирас Нұрмұханбетов – археолог-тарихшы, 2000 жылдары мамандығын ауыстырып, журналистика саласына келген. Қазақстан билігі жауып тастаған Guljan.org және ADAM bol жобаларының авторы әрі редакторы болған. Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы сыйлықтың лауреаты, халықаралық журналистер федерациясының мүшесі. Азаттыққа колумнист ретінде материалдар жазған. Қазір «Әділ сөз» баспасөз құқығын қорғау қорының вице-президенті және жобалар координаторы болып істейді.

Азаттық: Мирас, сурет салуды қашан бастадыңыз? Сүйікті ісіңізді журналистикамен қалай байланыстырдыңыз?

"Әділ сөз" қоғамдық қорының вице-президенті Мирас Нұрмұханбетов.
«Әділ сөз» қоғамдық қорының вице-президенті Мирас Нұрмұханбетов.

Мирас Нұрмұханбетов: Бала күнімнен сурет саламын. Үшінші сыныптан оныншы сыныпқа дейін қабырға газетінің редакторы болдым. Басында сыныптың, кейінірек мектептің қабырға газетін шығарып жүрдім. Карикатура деуге келетін суреттер салатынмын. Республикалық журналистикаға да карикатурист ретінде келдім: «Эпоха» және «Курсивъ» газеттеріндегі материалдарға иллюстрация жасадым. Былтыр Қазақстандағы Internews қорының қолдауымен қоғамдағы өзекті, саяси-әлеуметтік тақырыптарда карикатура жариялайтын жоба бастадым. Hand-made сияқты анимацияларды байқап көрдім. Жақсы дүниелер шыққан сияқты. Бағасын оқырман берер.

Азаттық: Қазір өзіңіз айналысып жүрген журналистика форматына қашан және қалай көштіңіз?

Мирас Нұрмұханбетов: Бұл – осы кезге дейін істеп жүрген жұмысымның логикалық жалғасы деп ойлаймын. Мұны құқық қорғау журналистикасы деп атауға болатын шығар. Тәуелсіз журналистикада сөз бостандығын шектеу, журналистерді қудалау, мемлекеттік органдардың үнсіздігі, кемшілігі мен шектеуі көп, репрессивті заңдар жиі кездеседі. Медиада құқық қорғау ісі мен журналистік тәжірибе екі бөлек бағыт болғанымен, олардың мақсаты бір: сөз бостандығын қорғау. Сөз бостандығынсыз жақсы журналистика да болмайды.

Азаттық: Неліктен қоғам назарын қазақстандық журналистиканың жай-күйіне аударғыңыз келді?

Мирас Нұрмұханбетов: Жауабы өте қарапайым: сөз бостандығы болмаса елдегі мәселелер, азаматтық-саяси құқықтар мен бостандықтар туралы ешкім білмейді. Ал онсыз демократиялық даму да болмайды.

Азаттық: Өз жобаларыңыз туралы толығырақ айтып беріңізші?

Мирас Нұрмұханбетов: Free Speech Animation мультжобасы АҚШ агенттігінің қаржылай қолдауымен «Еуразия» қоры жүзеге асырған «Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар» бағдарламасы аясында жарық көрді. Бұл дер кезінде шыққан пайдалы бағдарлама. Бағдарлама белсенді азаматтық қоғам қалыптастыруды көздейді. «Еуразия» қоры байқауға қатысуға шақырғанда ойымда әртүрлі нұсқа болды. Бірақ инновациялық талаптарды ескеріп, мультипликация жаңашыл бағыт саналады ғой деп шештім. Елде сөз бостандығы мәселесі бары белгілі. Бұл тақырып түрлі деңгейде көтеріліп жүр. Қазақстан сөз бостандығы жөнінен халықаралық рейтингтерде төменгі орында. Қоғам бұл жағдайға, әділетсіз сайлау мен өзге де азаматтық-саяси мәселелерге көндігіп келеді. Бір өкініштісі, бұған әріптестеріміздің де еті үйрене бастады. Сондықтан креативті жоба ойлап тауып, айта-айта жауыр болған мәселелерді басқа форматта жеткізгім келді.

Мирас Нұрмұханбетовтың "Журналист қауіпсіздігі – суретпен" жобасы аясында салған суреті. Бұл жобаны Еуропа одағының қаржылай қолдауымен "Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры іске асырып жатыр.
Мирас Нұрмұханбетовтың «Журналист қауіпсіздігі – суретпен» жобасы аясында салған суреті. Бұл жобаны Еуропа одағының қаржылай қолдауымен «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры іске асырып жатыр.

«Журналист қауіпсіздігі – суретпен» «карикатуралық» жобасы туралы да осыны айтуға болады. Бұл жоба Еуропа одағының қаржылай қолдауымен «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Өзгерістер көшбасшысы» жобасы аясында жүзеге асты. Журналистер қауіпсіздігі мәселесі Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті. Әріптестерімізге қарсы жасалған қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың 90 пайызы жазасыз қалады. Журналистер үнемі қылмыстық қудалау қаупі төнетін топқа кіреді, оларға қоқан-лоқы көрсетіп, шабуыл жасайды. Қысқаша айтқанда, журналист қауіпсіздігі сөз бостандығының, тиісінше, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуымен тікелей байланысты.

Азаттық: Жобаларыңыз қандай мақсат-міндет көздейді?

Мирас Нұрмұханбетов: Екі жобаның да мақсаты бір: журналистердің ақпарат тарату, ал азаматтардың ақпарат алу құқығы туралы сауатын ашу. Міндеттері қиындау. Өйткені көбіне нәтижені қолмен ұстап, жазбаны ұнатып, бөліскендер санымен бағалау мүмкін емес. Бірақ карикатуралар мен мультфильмдер бізді ортақ мақсатымызға сәл де болса жақындатқан шығар деп үміттенемін. Бұл жоба саяси сатираға көпке дейін тыйым салып келген біздің елдің өзінде осындай контент дайындауға мүмкіндік барын көрсетеді.

Жобалар кең аудиторияға арналғанымен, негізгі бенефициарларымыз – журналистер, БАҚ қызметкерлері, блогерлер мен публицистер. Қоғамның нағыз тәуелсіз журналистиканың жемісін көруі осы адамдарға тікелей байланысты. Бір жағынан, әріптестеріміздің құқықтық сауатын арттыру үшін оларға кәсіби құқықтары мен қауіпсіздік шаралары туралы айтамыз, екінші жағынан, шығармашылық шабыт сыйлаймыз. Бенефициарларымыздың қатарына түрлі лауазымдағы шенеуніктер, мемлекеттік қызметкерлер, құқық және сот органдары өкілдері де кіреді. Олардың арасында да ағарту жұмыстарын жүргізіп, Конституция нормаларын, ақпарат құралдары туралы заң мен қылмыстық кодексті есіне салу керек.

Азаттық: Қазақстандық журналистика мәселесінде қандай тақырып өзекті деп ойлайсыз?

Мирас Нұрмұханбетов: Эфирге шыққан 16 сериялы мультжоба мен журналистер қауіпсіздігі бойынша 20 сурет (жоба әлі аяқталған жоқ) журналистика саласындағы бүкіл мәселені қамтымайды. «Әділ сөз» қорында сценарий авторы, журналист және жобалар координаторы болып істейтін Мәдина Әлімхановамен бірге ең өзекті деген мәселелерді таңдауға тырыстық.

Әріптестеріміздің көбі журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру оқиғаларына жиі кезігеді. Қылмыстық кодексте бұл үшін арнайы жаза да қарастырылған, бірақ кейінгі жиырма жылда аталған бап бойынша бір іс ғана сотқа жеткен. Меншік түрі мен редакция саясатына қарамастан, ақпарат құралдарының көбі кезігетін бір ортақ мәселе бар. Ол – журналистерге ақпарат бермеу мәселесі.

Тәуелсіз басылымдар көп кедергіге тап болады. Оларды тізіп шығудың өзіне көп уақыт кетеді. Ондай мәселелер қатарына қорқытып-үркіту, қысым көрсету, сотқа арыз беру, қаржы көзінен айыру жатады. Көбіне мұндай қиындық мемлекеттік органдар, шенеуніктер мен олигархтар (кейде соңғы екі санат бірге жүреді) тарапынан туындайды.

Азаттық: Мультжобаңызда ақпарат құралдарының мемлекеттік тапсырысқа тәуелдігіне назар аударасыз.

Мирас Нұрмұханбетов: Мультфильмде мемлекеттік тапсырысқа қатысты мәселенің бір бөлігін ғана көрсеттік. Бұл биліктің бюджет қаржысын «өз» ақпарат құралдарына таратып, қаржы бөлу процесін ашық өткізбейтінінен хабар береді. Мемлекеттік тапсырысқа бөлінетін қаржы бізден жиналған салықтан алынады. Иә, бізде көп салада ашықтық жетіспейді, ал қоғамдық бақылау туралы мінберден енді ғана айтыла бастады.

Азаттық: «Өз» ақпарат құралдары дегенде биліктің мүддесін қорғайтын басылымдарды меңзеп отырсыз ба?

Мирас Нұрмұханбетов: Біріншіден, 60 секундтық мультфильм форматы белгілі бір тақырыпқа қатысты мәселелердің бәрін қамтуға мүмкіндік бермейді. Екіншіден, мультфильмдердің авторы өзім болсам да, бұл жобаны жеке позициям емес, «Әділ сөз» қорының көзқарасы деп қарау керек. Басқаша айтқанда, біз тұспалдап жеткізе аламыз, мәселе кімнің грант алып жатқанында ғана емес, бұл процестің сөз бостандығына қалай әсер ететінінде болып отыр. Биліктің мүддесіне жұмыс істейтін ақпарат құралдары Қазақстандағы сөз бостандығының жайына әсер етеді. Бірақ біз оларды өзгелерден бөліп, титул бере алмаймыз. Иә, бұл халықтың ақшасы, контент үшін ақша төлеп жатырмыз, бірақ бұл құқық қорғау қорының позициясы емес, азаматтық ұстанымға жатады. Нені меңзегенімді көрерменнің өзі шешсін. Аудиторияға дайын контент емес, ойлануға азық болатын дүниелер беру керек.

Ақпарат құралдарына арналған мемлекеттік тапсырыс – қанша жерден пайдалы ақпарат болса да (мысалы, ұлттық тарих пен мәдениет туралы контент), қазақстандықтардың көбіне жат көрініп, сенімсіздік туғызады. Бұл – жемқорлық үшін таптырмас құрал. Яғни, жемқорлыққа қарсы күресте алдыңғы қатарда болуы керек кей ақпарат құралдары керісінше, оның дендеп енуіне үлес қосып жатыр. Ақпарат құралдары үшін мемлекеттік тапсырыс – цензура құралы, сөз бостандығын шектеу әдісі. Шын мәнінде редакциялар өзара бәсекелес болуы тиіс, ал мемлекет өзі туралы жақсы материалдарға басылымды сатып алу арқылы емес, шынайы істері арқылы қол жеткізуі керек.

Бюджет қаржысын бөліп алатын редакциялар көп маңызды тақырыптарды көтермейді. Жекелеген басылымдарды «мынадай тақырыпта материал жазсаңдар, келесі жолы мемлекеттік тапсырыс бермейміз» деп қорқытады.

Азаттық: Бұл мәселені қалай шешуге болады?

Мирас Нұрмұханбетов: Мемлекеттік тапсырысты алып тастау керек деген ұсыныс айтуға болар еді. Бірақ ол да керек шығар, тек форматын өзгерткен дұрыс. Қысқаша айтсам, көлеңкелі мемлекеттік тапсырысты ашық гранттар байқауына айналдырып, белгілі бір тақырыптар бойынша грант бөлу қажет. Кей мемлекеттік органдарда осындай тәжірибе бар, редакциялар экология, мәдениет және басқа да тақырыптарда материал жариялап, ақша табады. Бастысы, бәрі ашық түрде және қоғамдық бақылаудың көмегімен жүзеге асып, грант үлестіретін комиссия да қоғамдық негізде жасақталуы керек. Тағы бір ескеретін жайт: мемлекет редакция саясатына араласпай, жекелеген материалдарға ғана «бұл мақала осындай жоба аясында жарық көрді» деген белгі қойылғаны жөн. Неге солай жасамасқа? Құқықтық тұрғыдан ешқандай кедергі болмайтын сияқты. Тек бағдарлама дайындап, арнайы сайт ашуға ақша бөлу керек. Мәселе биліктің ниетінде, нақтырақ айтсақ, оның мұндай бастаманы қолға алғысы келмейтінінде болып отыр.

 

Қазақстандық БАҚ және мемлекеттік тапсырыс

Қазақстандық ақпарат құралдарының көбі мемлекеттік ақпараттық тапсырыс алады. Бюджет қаржысын негізгі табыс көзі көретін кей ақпарат құралдары медиа нарықта мемлекеттік тапсырыссыз өмір сүре алмайды. Бұл туралы «Ақпарат құралдарындағы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс» зерттеуінің авторы Меруерт Сыздықбекова жазды. «Сорос Қазақстан» қорының қолдауымен жүргізілген зерттеуде 2016-2020 жылдары мемлекеттік ақпараттық саясат жүргізуге бюджеттен жыл сайын 41,7-47,1 миллиард теңге аралығында қаржы жұмсалғаны айтылады. Ras aitamyn телеграм-каналы журналистерінің дерегінше, пандемия басталған 2020 жылдың наурызынан бастап өңірлік билік өкілдері республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдерінің PR шарасына ондаған миллиард теңге жұмсаған. Жергілікті билік салық төлеушілерден жиналған ақшаға ақпарат құралдарына шенеуніктердің жұмысын жақсы жағынан көрсетіп, салмақты мәселелерді жасыратын «позитивті» мақалалар жариялаған. Мысалы, Маңғыстау облысының билігі өңірді жайлаған құрғақшылық салдарымен күрес сәтті жүріп жатқаны туралы материалдарға ондаған миллион теңге бөлген.

Азаттық: Сіз белгілі шенеуніктер мен саяси қайраткерлердің карикатурасын саласыз. Суреттерді жарияламауды не өшіруді сұрап, қоқан-лоқы көрсеткен адамдар болды ма?

Мирас Нұрмұханбетов: Суреттерді жарияламау не өшіру туралы өтініш түскен емес, шынымды айтсам, солай болғанын қалар едім. Өйткені «кейіпкерлердің» негативті реакциясы карикатура үшін ең жақсы жарнама болар еді. Осы жобаға дейін «АҚШ мемлекеттік департаментінің ақшасына сурет салып жүрсіз» деген сарындағы жанама реакция мен өкпе-реніш айтылған. Бірақ оларға езу тартып күлгеннен басқа реакция білдірген жоқпын.

Азаттық: Мүмкін бұл кімнің карикатурасы болғанына байланысты шығар? Назарбаев пен Тоқаевты бейнелеп карикатура салып көрмедіңіз бе?

Мирас Нұрмұханбетов: Көргенде қандай… былтыр. Солардан бастадым. Бірақ ешқандай реакция болмады.

Азаттық: Енді қазақстандық журналистиканың жай-күйі туралы сөйлессек. Қазір журналистика қандай күйде деп ойлайсыз? Оның қазіргі күйіне қандай факторлар әсер етті?

Мирас Нұрмұханбетов: Қазақстанда журналистиканың қиын кезеңнен өтіп жатқаны ешкімге жаңалық емес. Кейінгі он бес жылдағы жағдайы – осы. Әрине, 2000-жылдардың ортасында да бәрі керемет болған жоқ, бірақ ол кезде тәуелсіз газеттер мен интернет-сайттар саны әлдеқайда көп болатын. Кейінгі жылдары сөз бостандығы бойынша халықаралық рейтингтерде бірнеше сатыға жоғары көтерілген шығармыз. Өйткені түрмеге жауып, қудалайтын ешкім қалмады. Билік сонда да сатира үшін қудалап, түрмеге жауып жатыр.

Бәрі айдан анық көрініп тұр, бұл тақырыпта көп нәрсе айтуға болады. Бірақ басты назар аударуды қажет ететін бір мәселе бар: журналистика билікке емес, билік журналистикаға әсер ететін болды. Қоғам да бұл мәселелерден шет қалып отыр: біреулер бізде Навальный (қазір түрмеде отырған ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный – ред.) сияқты азаматтар жоқ деп қайғырады, екіншілері билік өкілдерінің құпиясын ашатын материалдарды «біреудің тапсырысына» балайды, қалғандарының ештеңеде шаруасы жоқ. Журналистика әлеуметтік желіге ауысып кетті деген пікір де бар. Көбі ақпаратты сол жақтан алады, бірақ онда жалған ақпарат пен тапсырыспен дайындалған у-шу көп екенін де естен шығармау керек. Бізге қоғамдық және ресми деңгейде «қолында ақпараты, білімі бар, аудиторияға ой сала алатын кез келген адам журналист саналады» деген халықаралық классификацияға жету керек. Билік әдетте дайын ақпарат ұсынбай, оқырманды мәселені саралап, ой түйіндеуге итермелейтін адамдарды жақтырмайды.

Азаттық: Неге жағдай өзгермей жатыр? Президент ауысып, «халық енді тынысымыз кеңейеді» деп күтіп еді…

Мирас Нұрмұханбетов: Түбегейлі өзгеріс күтуден пайда жоғы әу бастан белгілі еді. Бірақ бәрібір үміт болды. Оның үстіне, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі президент сайлауы өткен күннің ертеңіне әріптестеріміздің сұрағына жауап беріп отырып, сөз бостандығын нығайту керегін, журналист мәртебесі туралы заң қабылдануы мүмкін екенін айтып қалды. Бірақ ол «бұл мәселені жақсылап қарау керек» деуді де ұмытқан жоқ. Әзірге ештеңе анық емес. Мысалы, қазір ақпарат құралдары туралы жаңа заң дайындалып жатыр. «Әділ сөз» заң жобасын дайындауға азаматтық қоғам өкілдері, журналистер, құқық қорғаушылар қатысуы керек дегенді бірнеше рет ескертсе де, салалық министрлік ұсынысымызға алғыс айтып, хат жолдаудан әрі аспай отыр. Соған қарағанда, министрлік журналистер тағдырын өзі шешкісі келетін сияқты.

Аздаған ілгерілеушілік барын да жоққа шығаруға болмайды. Ең алдымен, қылмыстық кодекстен жала жабу туралы бап алынып тасталғанын атап өтуге болады. Қоғам да сөз бостандығын қорғау арқылы өзін қорғайтынын түсінді. Екі-үш жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда журналистердің де белсенділігі артып келеді. Олар өз құқығын қорғап, жақсы нәтижесе қол жеткізе бастады. «Еститін мемлекет» бірінші кезекте ақпарат құралдарының үніне құлақ түріп, сол арқылы қоғамның мүддесін қорғауы керек.

Азаттық: Журналистиканың тәуелсіз болуына не кедергі?

Мирас Нұрмұханбетов: Елде сөз бостандығы жоқ, өйткені ол билікке тиімсіз. Қоғам да сөз бостандығын сақтап жүргендерді қорғауға асықпайды. Журналистерді кінәлауға негіз жоқ: жағдай қалай болса, олар да соған сай жұмыс істейді. Жағдайға басқа қырынан қарасақ, тәуелсіз, оның ішінде журналистік зерттеуді дамытуға алғышарт қалыптасып жатыр.

Азаттық: Жағдайды жақсарту үшін не істеу керек?

Мирас Нұрмұханбетов: Бұл бөлек талқылауды қажет ететін тақырып, бірақ ойымды қысқаша жеткізіп көрейін: қазіргі заңнамаға түбегейлі өзгерістер енгізіп, сөз бостандығын шектеуді емес, қорғауды бірінші орынға шығару керек. Билік өкілдерінің журналистер мен ақпарат құралдарына деген көзқарасын өзгертіп, әріптестеріміздің сауатын арттыру керек. Қоғам қолдауы да маңызды. Осыған дейін айтқанымдай, сөз бостандығы артпаса, басқа құқықтар мен бостандықтарға қатысты мәселелер туындайды. Сондықтан басқа салаларда жеңіл-желпі өзгеріс емес, әділ сайлау мен жемқорлыққа қарсы шынайы күрес сияқты салмақты реформалар болған кезде, сөз бостандығының жағдайы да жақсара түседі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған