Сымбат Әлібекқызы, SMM маманы: Қазір қазақ контенті шынайылыққа ден қоя бастады

Қазіргі таңда трендтегі мамандықтар көшін SMM бастап тұр. Инстаграм әлеуметтік желісінде аса танымалдылыққа ие сала сұраныс жағынан да алда. Сол себепті SMM саласында тәжірибесі мол маман Сымбат Әлібекқызымен қазақ контентінің дамуы турасында сұхбаттасқан едік.

Парақшаңызда 35 мыңнан аса оқырманыңыз бар. Бұл салаға келуіңізге не себеп болды? Бәрі қалай басталып еді?

Мен алғаш инстаграм әлеуметтік желісін 2015 жылы қолданып бастадым. Ал SMM саласына 2018 жылдан бастап келдім. Алғашында бұл саланы жетік білмесем де, түрлі тақырыпта посттар салдым, суреттерімді әрлеп, өңдеуді ұнаттым. Уақыт өте келе инстаграм желісі арқылы адамдар ақша тауып жүргенін байқай бастадым. Оның үстіне, мен сол уақыттарда университет қабырғасында 40 мың теңгеге жұмыс жасаған едім.

Бұл қаражат маған аз еді және төрт қабырғаның ішінде қатаң графикпен жұмыс жасай алмайтынымды түсіндім. Ол кезде мен Атырау қаласында едім. Осылайша, инстаграм желісі арқылы ақша табуға қызығушылығым ояна бастады. Бірнеше уақыттан соң Қуаныш Шонбайдың «Екінші болма» атты кітабын оқып отырып, инстаграм туралы жазылған жерді өзіме түртіп алдым. Және инстаграм шынымен де, пайдалы дүние екен ғой деген ойға қалдым. Дегенмен, сенімсіздік болғандығын жасырмаймын.«Мүмкін, өтірік шығар» деген ой мені де мазалады.

Алайда, 2018 жылдың өзінде мен түрлі курстар мен марафондарға қатысып жүрдім. Бір күні мұның бәрі Жұлдыз ханыммен (Ақболат Жұлдыз) таныстыққа ұласты. Кенеттен Жұлдыз ханымның жанына 85 адамның ішінен іріктеліп, SMM-менеджер болып орналастым. Алғашында тәжірибе үшін ғана тіркелген жұмысым бастапқы уақыттың өзінде маған 205 000 теңге пайда әкелді.

Ал 35 000 оқырман шынайы жандар. Тек бір рет қана гивке қатыстым. Оқырман саны қаншалықты аз болсын, жақсы ақша таба алудың көзі парақшаны дұрыс жүргізе білуде.

Қалай ойлайсыз, бұл саланың ғұмыры қаншалықты ұзақ? Және алдағы уақытта да осы сала бойынша табыс табуды жалғастырасыз ба? Немесе басқа жоспарларыңыз бар ма?

Бұл саланың ғұмыры ұзақ деп айта аламын. Себебі, бұл саланың Қазақстан нарығына келгеніне 1-2 жыл көлемі ғана болды. Оның үстіне, кез келген бизнес түріне ие және осы арқылы табысын ұлғайтқысы келетін жанға бұл сала міндетті түрде керек.

Неге десеңіз, SMM саласы тек бір бағытта емес, таргет, визуал жасау сынды дүниелерді қамтиды. Мен де осы дүниелерді үйретіп, шәкірт тәрбиелеп келе жатырмын. Тіпті, үйде отырған аналардың да табысқа ие болуына себепкер болып отырғандықтан, мен бұл саланы тастамаймын. Ары қарай да дәл осы сала бойынша жалғастыратын боламын.

SMM қазақ контентіне қандай өзгеріс енгізіп жатыр деп ойлайсыз?

SMM қазақ контентіне көп өзгеріс әкеліп жатыр. Бұрын бейнежазбалар жеңіл-желпі жасалынатын болса, қазір олардың мағынасына, пайдасына көңіл бөліне бастады. Инстаграм қолданушыларының өзі босқа уақыт өткізбей, бизнес ашуды жөн деп тапқан. Ал оның қазақ контентіне тигізер өзгерісіне тоқталсам, мен парақшамды қазақ тілінде жүргіземін. Онымен қоса үйде отырған келіншектерге пайдалы болу үшін, олар дамуы үшін де мен курстарымды қазақ тілінде жасаймын.

Менің ойымша, орыс тілінде білім берудің керегі де аз. Неге десеңіз, Ресейде бұл сала әлдеқашан дамып кеткен. Қорыта айтқанда, маған қазақ тілінде жүргізген ұнайды. Бұған қарап, қазақ контенті дамып жатыр деп айта аламын.

Парақшаңызда көптеген посттар оқырманға мотивация береді. Мұндай типтес жазбалар қазір көбейіп кеткен секілді емес пе?

Дұрыс айтасыз. Қазіргі таңда оқырманға мотивация беру бағытында жазылған посттар өте көп. Себебі, бүгінгі кезеңде көп оқырманға пікір алмасу, ақыл-кеңес, кері байланыс жетпей жатады. Телефонға телмірген заманда мұндай құндылықтар жойылып кеткен. Сондықтан, көп жандарға мотивация жетпейді. Егер мұндай контент болмаса, оқырмандар сұранысы арта түседі. Тіпті «сіздің мотивацияңыздың арқасында өзгеріп жатырмын» деген хаттарды жиі аламын. Сол себепті осы типтес посттарды көбірек жүктеймін, бір жағынан бұл өзіме де ұнайды, өзіме де ерік-жігер береді.

Жақында ютуб арнада «Админ анон» жобасында үлкен компаниялар орыс тілді контентке демеушілік етеді деген пікір айтылған болатын. Көзқарасыңызды білсем…

Мен бұл туралы естімеппін. Компаниялардың орыс тілді контентке демеушілік жасауына қарсылығым жоқ. Бұл тұрғыда мен мемлекеттен қолдау күтетін жандар қатарына жатпаймын. Менің ойымша, қазіргі таңда әр адам өзіне жұмыс жасауы керек және біз сол арқылы қалаған табысымызды таба аламыз. Сол себепті жоғарыда аталған мәселе мені алаңдата қоймайды. Қай бағытта келе жатқанымды, қай жұмысты жасап жатқанымды анық білетін болғандықтан бұл мәселеге көзқарасым жақсы.

Дегенмен сіздің парақшаңыздан қазақ тіліндегі посттарды көбірек байқадым. Мұның сізге кедергі келтірген тұсы болды ма?

Мүлде болмады. Біріншіден, қазір қазақ тілі трендте деп айта аламын. Екіншіден, өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мұғаліммін, яғни «Тілдер және журналистика» факультетін бітіргенмін. Мамандығыммен жұмыс жасамасам да, бұл саланың маған бергені көп. Себебі мен төрт жылдық білімнің арқасында посттарды еркін жаза аламын, өз ойымды білдіре аламын, курс өткізген кезде де спикер ретінде сөйлеймін. Онымен қоса, қуантарлық жайт орыс тілінде сөйлейтін жандар да қазір қазақ тіліне қызығушылық білдіруде. Қазіргі таңда қазақ тілінің беделі арта түсуде. Университет қабырғасында жүрген кездерде бойыма ұстаздар сіңірген тәрбиенің нәтижесінде мен «қазақша контент маған кедергі келтірмейді» деп айта аламын.

Жақында өткен форумда қазақ тілді контенттің үлесі шамамен 80 %-ды құрайды дейді

Жалпы мен қазақ тілін барлық тілден биік қоятын жандар қатарынанмын. Меніңше, ол адамның өскен ортасына да байланысты. Мысалы, мен Атырау қаласында дүниеге келдім. Біз жақта 99%-қазақтар. Яғни бізде қазақ тілді орта үлесі көбірек. Дегенмен, менің пікірімше адам қай тілде өз ойын еркін жеткізе алады. Солай парақшаны жүргізген дұрыс. Сол себепті бұл тұрғыда көзқарасым-оң.

Бір постыңызда «Өзгеріс – білімнен басталады» депсіз. Қалай ойлайсыз қазақ контентін қай бағытқа өзгертер едіңіз?

Шынымен де адам білім алуын тоқтатпайтын болса, ол жанның көзқарасы да, өмірлік бағыта да өзгерер еді. Инстаграмда да белгілі бір уақыт аралығын алып қарайтын болсақ, тренд пен антитрендтер қалыптасқан. Мысалы, бұрын шаблонды қолданатын болсақ, қазір ол трендте емес. Қазір көп контент типі шынайылыққа өтуде, қарапайымдылықты жақсы көреді.

Бұрынғыдай гив сынды дүниелер өз дамуын тоқтатқан. Меніңше, инстаграмда жарияланатын дүниелер, ол адамның жеке өмірі болсын, қаншалықты шынайы болса, соншалықты оқырманға қызық. Қорыта айтсам, қазір қазақ контенті жоғары деңгейде дамып келеді.

Сұхбаттасқан Айғаным Қоңырбайқызы,«Тілші» сайтының практиканты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған