Мейіржан Әуелханұлы қазақтілді медианың монетизациясы туралы баяндады

Таяуда Алматыда өткен «Медиа Құрылтайда» KzNews.kz ақпарат агенттігінің бас редакторы Мейіржан Әуелханұлы сайттың кіріс көзін молайту, сайт арқылы ақша табу тәжірибесін баяндады (internews.kz материалынан ықшамдалып алынды).

«Жеке сайт ашқанға дейін журналист болып жұмыс істедім. 2018 жылы сайт аштым. Жаңа жоба бастау өте қиын, өйткені тәуекелге барасыз. Ең маңыздысы — әлеуметтік желілерден ашқан топтарымның көп көмегі тиді. Қазақстанда әлеуметтік желілер енді дами бастағанда түрлі парақшалар мен топтар аштым. Мүшесі көп сол топтарды сайттар жалға алатын. Сайт ашқаннан кейін сайтымды осы топтар арқылы көтердім», – дейді ол.

Спикердің айтуынша, ең маңыздысы — рейтинг. Егер рейтинг жақсы болса, жарнама берушілер, пиар компаниялар көп келеді. Натив жарнамалар беруге болады. Мұның барлығы сайт кірісін ұлғайтты.

«Мәселен, ресейлік компания бір жылда сайтымда жарнама орналастыруға 12 млн теңгедей ақша төледі. Бұл сайттағы мақаланың жан-жағынан көрінетін жарнамадан түскен қаражат. Сайтыма жеке кәсіп сияқты қарадым. Көзқарасымды өзгерттім. Сайттағы жарнаманы оқырман шертсе, бізге ақша түседі», – дейді Мейіржан Әуелханұлы.

Оның пайымынша, тағы бір маңызды жайт — пиар компаниялармен серіктестік орнату. Бұл компаниялар сайттарды рейтингіне қарай таңдайды. Рейтинг әділ болуы керек. Екіншіден, аудиторияға қарайды. Үшіншісі, әлеуметтік желілердегі белсенділігімізді өлшейді.

«Біз пиар компанияларға ұсыныс жібергенде әлеуметтік желілерде қамту көрсеткіштерімізді сатамыз. Олар соған қызығады. Медианарықта жүрген адамдар әлеуметтік желі дами бастағанда мұның сайтты дамыту үшін ең қажет құрал екенін түсінуі керек еді. Дәл қазір монетизацияға шыққысы келетін БАҚ үшін әлеуметтік желілер әлі де маңызды. Адамдарды өзіне тартатын топтар мен парақшаларды дамыта беру керек. Әрбір сайт белгілі бір тақырыпта ақпарат салады. Көп адам оқығанын қалайды. Қолданушы көп болса, жарнамадан көп ақша түседі», — дейді Мейіржан Әуелханұлы.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған