Халықаралық журналистикадағы қазіргі трендтер қандай?

Журналист Руслан Меделбек телеграм-парақшасында кейінгі уақытта әлемдік басылымдардан аңғарып, түртіп алған бірнеше стандарттарды тізіп өткен.

📌 Халықаралық басылымдарда «оқырманның бәрі математик емес» я «онсызда уақыты аз оқырманға есеп шығартпа» деген ереже бар. Яғни, басылымдар адамның туған жылын қолданбауға тырысады. Оның орнына бірден жасын жазады. «1995 жылы 11 сәуірде туған адам дерттен айықты» емес, бірден «25 жастағы науқас дерттен айықты».

Егер туған жылын жазса, оқырман жасын есептеп кетпек. Сол сияқты тарихи оқиғаларға келгенде бірден жылын жазады. Мәселен, осыдан 18 жыл бұрын Қазақстан UEFA-ға мүше болды» емес, «2002 жылы Қазақстан UEFA-ға мүше болды». ⠀

📌 Халықаралық басылымдар қазір көбіне explainer [түсіндіру] жанрына көшті. Мақалалардың, контенттердің тақырыбы көбіне сұраққа құрылады. «Мұнай неге қымбаттады?», «Рохинджа мұсылмандары неге үдере көшті?», «Гонконгтегі наразылыққа не түрткі болды?», «Неге Италияда вирустан өлім-жітім көп, ал Германияда аз?» деп кете береді… ⠀

📌 Жаңалықта ең негізгі ақпарат бірінші сөйлемде және бірінші абзацта тұрады. Мысалы, «Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай тағы да ұзарды. Мұндай шешімді Қазақстан президенті шығарды. Елдегі ТЖ 30 сәуірге дейін созылды» емес, бірден «Қазақстан президенті коронавирусқа байланысты елдегі төтенше жағдай 30 сәуірге дейін созды. Негізі төтенше жағдай 15 сәуірде аяқталуы тиіс еді». Гаджет заманында «ақпарат ұзағанда екі беттен аспауы тиіс» деген қағида бар. Барынша көп ақпаратты қысқа, тоқ етерін беруге тырысады. Сөзге сараң әрі ақпаратты барынша ықшам беруге тырысатын Al-Jazeera кейде арабша ұзақ аттарды қысқарта салады. Мәселен, Сауд Арабия ханзадасы Мохаммед бин Салманды «MSB» жазады. ⠀

📌 Батыс басылымдары Рим цифрын өте сирек қолданады. XVII ғасыр емес 17-ғасыр деп араб цифрімен жазады. BBC редакторлары мұны «оқырманның бәрі Рим цифрін білмеуі мүмкін» деп түсіндіреді. Бірақ Петр I, Елизвета II деп жаза береді, себебі бұл – патша-патшайымдардың тегі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған