Айнұр Сапарова, «Ақ Жайық» газетінің тілшісі: Шенеуніктер мен баспасөз хатшыларының айтқандарына ермеймін

«Ақ Жайық» газетінің журналисі Айнұр Сапарова «Тілші» сайтына сұхбат берді. Әріптесіміз сүйікті мамандығын таңдау кезіндегі қызықты оқиғасымен бөлісті және журналистерге көрсетілетін қысым жайлы сөз қозғады.

Не себептен журналистиканы таңдадың?

Балабақшаға барып жүргенімде еш жымимастан фотосуретке түсетінмін. Неге екенін білмеймін, түскі үзілістен соң ұйқымыздан тұрғаннан кейін суретке түсіретін. Содан болар, қабағым қатулы болып тұрады. Бір фотода тым қатал түр жасап алыппын. Сол суретке қарап, анам «сен мұнда дикторға ұқсайсың» деп қайталай беретін. Ол кезде жасым шамамен 6 немесе 7-де. Сол сөз маған майдай жағып, санамда сайрай берді. Кейін өзім фотосуреттердің рамкасын ағытып алып, оны теледидар экраны деп елестетіп, алдыма қоямын. Қолыма «Букварь» кітабын алып, диктор секілді дауыстап тұрып оқуды әдетке айналдырдым.

Отбасында бес ағайындымыз. Үйіміз тар болғасын у-шу болып жатамыз. Кейін бауырларым «қатты дауыстап оқымашы» деп ескерту жасай берген соң, ол әдетті доғардым. Оның үстіне, балалардан «өскенде кім боласың?» деп сұрамайтын жан жоқ шығар. Менен де анам солай сұрағанда, мен «журналист, диктор» боламын дейтінмін. Сол кезде анам «таңертеңнен кешке дейін үй көрмейсің, тұрмысқа шықпай қаласың» деп ойымды біраз жылға ұмыттырған.

Бастапқы ойыңа оралуға не итермеледі?

Кейін Алматыда 11 сыныпта мамандық таңдауға келгенде «кім боламын» деп бас қатырған жоқпын. Журналистикаға бір құрбыммен бәсекелесу арқылы келдім. Бірақ, ол мұны өзі білмейді. Мен өзімді онымен салыстырып көрдім. Ол бізбен көрші тұрды, әрі жерлес болып шықты. Бірақ, бала күнінен Алматыда тұрады.

Мен онымен араласып жүріп, оның «журналистика» мамандығын таңдағанын білдім. Сол кезде менің көңілім елең ете қалды. Сонда мен журналистикаға қайта көңілім ауды. Мен өзімді құрбыммен салыстыра бастадым. «Оның маған қарағанда қазақ тілі жұтаң. Оған қарағанда ойымды қазақ тілінде еркін жеткіземін. Онда неге өзімді сынап көрмеске? Менің одан нем кем, артық болмаса?» деген ойлар санамды жаулай бастады.

Осы ойлардың арқасында өзіме деген сенім пайда болды. Сөйтіп, мен де журналистика факультетіне оқуға түстім. Бір қызығы сол, әлгі құрбым екеуміз бір топқа тап болдық.

Атырау түгіл, Қазақстанға да танымал «Ақ Жайық» газетінің тілшісі ғана емес, оның директоры да болыпсың? Басшылықта қалғың келмеді ме?

Иә, қазір «Ақ Жайық» газетінің редакциясында тілшілік қызметтемін. Бұған дейін екі жылға жуық баспахананың меншік иесі «Ақ Жайық» ЖШС директоры болдым. Бұрын мәдениет тақырыбында материалдар жазсам, қазір соңғы кездері қылмыс, сот, экология, әлеуметтік тақырыптарда қалам тербеп жүрмін.

Директорлықтан редакцияға кері ауысуыма да себеп болған сол, мамандығыма қызығушылық, осы салаларды қамтып көруге деген талпыныс. Ең бастысы, өзімді мекеменің қаржылық-шаруашылық мәселесінен арылтып, кеңсе қағаздары жұмысынан құтылу үшін әрі өзімді толыққанды журналист ретінде сезіну үшін, шығармашылық жолға қайта түсу үшін барған әрекетім деп түсіндіремін.

13 жылдық тәжірибесі бар кәсіби шебер тілші жас журналистерге арналған қандай лайфхактармен бөлісе алады?

Лайфхактарға келетін болсақ, журналист кез келген нәрсеге сыни көзқараспен қарап, ақ-қараны айыра білу керек. Ол үшін өзі үнемі сергек, елгезек болуы тиіс. Сонда ғана саған жазар тақырып табылады, мәселенің шеті көрінеді. Кез келген сөз, жағдайдың артында қандай мақсат-мүдденің жатқанын ең болмаса шамамен ажырата білу керек. Ол үшін әрине, мәселенің мәнісін, негізін жан-жақты зерттеуі тиіс. Сонда ғана ол объективті бола алады.

Әсіресе, сот репортаждарында осыған сақ болу керек. Қорғаушы тарап, сотталушылар шындықты бұрмалап, жаңылдыру үшін, айыптау назарын басқа жаққа аудару үшін түрлі айла-әрекет, амал-әдістерді ойлап табады. Тілшіні негізсіз айыптап, тіпті жала жабады, ар-намысыңа, іскерлік беделіңе тіл тигізеді. Мысалы, «тілшіні біреу сатып алған, бір жақты жазасың» деп айыптайды. Әрине, бұл намысыңа тиеді. Себебі, жалған, жала жабу деген сөз.

Қысым көрсеткен кездер бойынша нақты мысалдар бар ма?

Жақында ғана сондай қысымға тап болдым. Атырау облыстық перзентханасының медиктеріне қатысты аппеляциялық сотта «Айнұр Сапарова, сары басылым, қуанып тұрсыз ба?» деп сотталғандар мені мұқатпақ болды.

Онлайн сотта үзіліс кезінде менің атымды атап, қайта-қайта шақырды, бірдеңе айтқысы келді. Бірақ мен байланысқа шықпадым. Бұған дейін басқа сотталушы облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаев тарапынан да сондай әрекет байқалды.

Ертеректе Бейбіт Қорған деген әншіден сұхбат аламын деп аяғы дауға ұласты. Бөлмеге қамап қойып, диктофондағы әңгімені өшіруді талап етіп, өктемдік көрсеткені есімде. Жалпы, соттан да бөлек жағдайда шенеуніктер, баспасөз хатшылары немесе мақала кейіпкерлері, сұхбаттасушылар «олай жазбаңыз, былай дұрыс» деп айтса елемеймін. Бірден жолын кесемін. Артық кетіп бара жатса, сұхбатты тоқтата қоямын.

«Тілші»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған