Aqtobe арнасының рейтингін Әлия Оразайдың бір өзі-ақ қалай шарықтатты

Aqtobe телеарнасының журналисі Әлия Оразай «Тілші» сайтына сұхбат берді. Әріптесіміз отбасылық тақырыпта жазатын маманның жұмыс ерекшелігі, жанұялар арасында байқау ұйымдастыру тәжірибесі жайында сөз қозғады.

Сізді бәрі отбасылық тақырыпта жазатын журналист ретінде біледі. Бұл бағытқа қалай келдіңіз?

Бұған дейін жаңалықтар бөлімінде жұмыс істеп, «Ақтөбе» телеарнасында «Апта тынысы» секілді сараптамалық бағдарламаларды қатар дайындап жүрдім. Тақырыптық журналистика мен үшін таңсық дүние емес. Бір кезде әріптесім Серік Әбдібеков «Шаңырақ шаттығы» бағдарламасын жүргізуге ұсыныс жасады. Үйге келіп, біраз ойландым. «Бұл менің қолымнан келе ме?» деп уайымдағаным да болды. Мәселен, жаңалықтар бөлімінде барып-көргеніңді бір-екі минутқа сыйдырып, көрерменге паш етесің. Ал тақырыптық бағдарламада материал ұзақтығы көлемді. Сосын тек жаңалықтар ғана емес, салалық журналистканы да меңгерейін деп бел будым.

Кейіпкер ретінде таңдалған алғашқы отбасыңыз есіңізде ме?

Иә, алғашқы хабарым сал ауруына шалдыққан қызды алып қашқан жігіт туралы болды. Әлия Сағындықова мен Руслан Әбдірахманов арасындағы махаббат хикаясын түсірдік. Хабарым әсерлі шықты, көрермен де ілтипатын білдіріп жатты. Бұл маған әрмен қарай бағдарламаны түсіруге ынта берді.

Отбасылық тақырыпта түсіретін журналист қандай болуы керек?

Ол психолог болуы тиіс. Себебі әр отбасы бөлек әлем. Оның өзіндік тәртібі, ерекшелігі, құпиясы болады. Жаңа үйге кірген кезде бірден ұсақ-түйек заттарды байқап қаламын. Осы ерекшелікті әп-әдемі қып қалай ұсынса болады деп алдын ала ойланамын. Қарап отырсам, жылына 50 отбасыны түсіргенбіз. Ерлі-зайыпты азаматтардан сұхбат алып отырғанда бұлар расында бақытты ма әлде бағдарлама үшін жасанды дүниені айтып жатыр ма деген ой келетін. Әр жанұяға барғанда өзімді ұрлықшы сияқты сезінемін. Өйткені сол әулеттің құпиясын біліп, ішкі әлемін ақтарамын.

Сіздің хабарыңызға түсу үшін не істеу қажет?

«Әлияның хабарына түсу үшін мемлекеттік органға емтихан тапсырғандай іріктеуден өту керек» деп әріптестерім қалжыңдайды. Расында менің талаптарым бар. Біріншіден, отбасы ажыраспаған болуы тиіс. Екіншіден, кемінде төрт баланы дүниеге әкеліп қана қоймай, оларға жақсы тәлім-тәрбие, білім алуға жағдай жасауы керек. Үшіншіден, қоғамның дамуына қосқан үлесі болса, менің талаптарыма сай келеді.

Кейіпкер ретінде алуға отбасыны қайдан табасыз?

Әрине, менің талабыма сай келетін жанұяны табу оңай шаруа емес. Басында жәрдемақыны тағайындау органдарына шығып, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлерінің тізімін алдым. Сосын баспасөз хатшыларымен әріптестік қарым-қатынас орнаттым. Өз саласының үздік ардагерлерін тауып беріп отырды. Әрқайсысына жеке-жеке қоңырау шалып, сұхбаттастым.

«Сіз ажырасқан жоқсыз ба?» деп сұрақты төтесінен қоймаймын ғой. Алдымен отбасыны жақын танитын адамдармен сөйлесемін. Әңгіме барысында бағдарламаға лайықты ма деп анықтайсың. Ең қызығы, жоба танымал болып кеткесін кейіпкер болуға адамдардың өздері шыға бастады. Декреттік демалыста жүрсем де, әлі қоңырау шалып жатады.

Тағы да қандай лайфактарыңыз бар?

Бағдарламаның рейтингісін көтеру үшін сайтқа жарияланған бейнесюжеттің сілтемесін сторисіме салып қоямын, ватсаптағы чаттарға таратамын. Мәселен, 50 шақты адам отырған «Бауырлар» деген өздерінің чаттарына сілтемені жіберуін сұраймын. Ондағы адамдар достарына, әріптестеріне, сыныптастарына таратқанда, қаралым көбейіп кетеді. Міне, бұл да рейтингтің жоғарлауына әсер етті.

Бағдарламадан бөлек, отбасылық байқауларды да ұйымдастырасыз. Екеуі бір-біріне байланысты ма?

Айтып өткендей жылына 50 отбасыны түсіреді екенбіз. Сол отбасылардың басын қосып, неге байқау ұйымдастырмасқа деп идея ойыма келді. Телеарнаның жарнама бөлімі арқылы «Үздік отбасы» байқауын қаржыландыратын демеушілерді таптық. Бұл сайыс күтпеген нәтиже берді. Қазақстандағы облыстық телеарналардың ішінен рейтингімізді шарықтатып жіберді.

Дауыс беру кезінде бәрі жанталасып, өз әулеттерін қолдауға тырысты. Осы кезде туыстық қарым-қатынастың күші байқалды. Себебі бүгінде дүние қуған заманда адамдар арасындағы қатынас алшақтай түсті. Ал мына жоба бірігуге жағдай жасады. Сол үшін кейін алғысын айтқан жандар да бар. Айтпақшы, бұл сайыс екі жыл қатарынан өтті.

Жалпы мұндай жобаны ұйымдастыру қаншалықты қиын? Табыс түсірді ме?

Бұл жобадан ешқандай қаржылай пайда көрмедім. Өзімнің бағдарламам одан әрі дамысын деп байқауды ұйымдастырдым. Бұл өте қиын жұмыс болды. Ватсап мессенджерінде жанұялардың басын қосқан чат ашқанбыз. Енді отбасының түр-түрі бар. Әр түрлі сөздер жазатын. Соның бәрін ой елегіңнен өткізіп, сабырлыққа шақырасың. Марапат шарасын өткізіп болғаннан кейін шаршағанның тәтті дәмін сездім. Арқаңнан бір жүк түскендей рақаттанасың. Сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Tilshi.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған