Юрий Гейст: Адвокаттар мен прокурорлар өздеріне тиімді ақпараттарды ғана береді

«Диапазон» газетінің журналисі, жүздеген сот процесіне қатысқан, атышулы мақалалардың авторы, 12 жылдық тәжірибесі бар әріптесіміз Юрий Гейст «Тілші» сайтына сұхбат берді. Ол ең бірінші мақаласы, қиындықтары мен оған жасалатын қысымдар туралы сөз қозғады.

Қашаннан бері криминалды журналистика тақырыбында мақалалар жазып жүрсің?

Газетке алғаш келгенімде мені тек оқыс оқиғаларға, апатты жағдайларға, өртке, т.б. жіберетін. Газеттегі екінші жылымда соттарға бара бастадым. Себебі қылмысқа жауапты журналист өз еркімен жұмыстан кеткен. Сотта үйренісу қиын болды, қай процестің қызық екенін білмедім, адвокаттар мен прокурорлар менсінбеді. Сот қатысушыларының бірнеше сағаттық әңгімелерінен ең негізгісін іріктей алмадым. Әсіресе, жұмыс істеп жүрген компаниясында ақша жымқырды деп айыпталған депутаттың ісі жөніндегі процесіне қатысып, қателесіп кетуден қорықтым.

Уайымдағаным соншалықты, сот пікірталасын диктофонға да, ұялы телефонға да жаздым. Нәтижесінде бір ақау болып, екі құрылғыға да ештеңе сақталмады. Пікірталас қызық болмады деп жұмыстағы әріптестеріме айтқанмын. Сөйтіп, депутат жайындағы мақаланы жазбай қойдым. Кейін оның туыстарының бірі «бұл сотқа барып жүретін, бірақ ештеңе жазбайтын әлгі жүрналист қой» деп мен жайлы айтқаны есімде. Көңіліме алып қалдым…

Алғашқы тәжірибе мен мақалаңды есіңе түсіріп көрші

Иә, алғашқы мақалам қылмысқа аса жақын емес, бірақ оқиғамен байланысты. Бұл менің жұмыстағы екінші күнім болды. Жол апаты болған жерге бардым, жүк көлігі жаяу жүргіншіні басып кеткен. Жақындап барсам, мәйіттің қасында тергеуші тұр, айналаның бәрі қанға толы. «Бұл жайында не ойлайсыз?» деп одан сұрап тұрмын. Мұндай қисынсыз сұрақтан кейін ол абдырап, не жауап берерін білмей қалды.

Журналистканың бұл саласында қандай қиындықтарға тап боласың?

Жұмыс істей бастағанымда «ватсап», «инстаграм», әлеуметтік желідегі полицияның жедел хабарламалары болмады. Бірақ оң тұстары да болатын. Полицияда жедел мәліметтерді оқуға беретін, соның көмегімен қай материалды жазған дұрыс деп анықтап жүрдім. Бір кездері сотта айыптау актілерін оқуға рұқсат беретін, әрине бейресми түрде. Кейін бәрі жабық күйге көшті.

Қазір де ақпараттармен бөліседі, алайда көбіне ауызша ғана, мен бұған сене бермеймін, біреудің бейресми сөзіне ғана сүйене алмаймын, дәлелденбей қалуы да мүмкін. Ал адвокаттар мен прокурорлар өздеріне тиімді ақпараттарды ғана береді.

Мақала кейіпкерлері тарапынан қысым-қорқытулар болды ма?

Бостандыққа әлдеқашан шыққан сотталған азаматтар жиі хабарласады, материалды өшіріп тастауымызды сұрайды. Отырып шықтым, заң алдында тазамын, ал Интернетте әлі жаман нәрсе жазылып тұр дейді олар. Әсіресе алаяқтық бабымен сотталғандардың өтініші күлкілі көрінеді. Ар-ұятымды оятып, менің мақалам олардың өміріне нұқсан келтіріп жатыр дейді олар. Ал бұрын өздері өзгенің өміріне нұқсан келтіргендігі туралы тіс жармайды. Сіз жайлы мақаланы өшіріп тастауға міндеттейтін заңнамаға сілтеме жіберіңізші деп айта қоямын. Әлі бір де бір адам ондай заңды таппады.

Сотта офлайн отырғанда қорқытулар жиі болатын. Бірақ көбіне ол жай ғана сөздер болып қалатын, сот шешімі шыққаннан кейін мені қорқытқан адамның басында проблема ұлғайып, мен жайлы ұмытып кететін.

Сот процесінде күдіктінің тумалары журналистер арқылы қоғамдық пікірге жиі әсер еткісі келе ме?

Иә, кейде материалды әдейі сот шешіміне дейін немесе аппеляцияға дейін жариялауды ашық сұрайтын күдіктінің тумалары кездеседі. Бұл жерде көмектесу керек пе деп ішкі түйсігіме сүйенемін.

Сотта немесе құқық қорғау органдарында бейресми ақпарат көздерің бар ма?

Бейресми ақпарат көздерім бар…

Жас журналистермен бөлісетін лайфхактарың бар ма?

Жаңа ақпарат беретін ақпараттық базаларды, графикаларды пайдаланамын. Өзіме қызық тақырыптағы материалдың астына жазылған барлық пікірлерді оқып шығамын. Комментарий көмегімен жаңа ақпарат алған кездерім есімде.

Журналист ретінде өзің соттасып көрдің бе?

Ар-намысқа, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіру бойынша азаматтық істе мен жауапкер болдым. Бірақ газеттің заңгері менің өкілім болып, менің орныма сотқа қатысты, өзім ештеңе істемедім.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған