Индира Кереева: Филологтарды журналист қылып қайта тәрбиелеуге тура келеді

«Керек.INFO» газетінің бас редакторы, танымал ақын және блогер Индира Кереева «Тілші» сайтына сұхбат берді. Әріптесіміз ұжым басқарудағы ерекшеліктер, газеттегі кадр мәселесі, журналистикаға келген филологтар және жоспары жайында сөз қозғады.

Ұжым басқару – бұл зор жауапкершілік. Басшы болу ұсынысын қалай қабылдадың? Қандай әсерде болдың?

Ұжым басқару жауапкершілік қана емес, сонымен қатар ақыл мен сабырды қажет етеді. Редактор болуға ұсыныс түскенде аса қобалжыған жоқпын. Өйткені, осы ұжымда 6 жылдай жұмыс істеп, «ішкі кухнясын» әбден білдім. Редакцияның бағыт-бағдарымен де толық таныс болдым. Әріптестеріммен қарым-қатынасым да жақсы еді. Сондықтан батыл шешім қабылдадым.

Алғашқы әсерім – үйге келген соң түнде ұйықтай алмадым. Блокнотыма ертең өзім өткізетін планерканың жоспарын жазып, қайта өшірдім. Мен басшылыққа келген соң жастар келді. Тіпті бастапқыда «Кереева бәрін сыйдырмады» деген де сыбыс естідім. Олай емес екені өзіме аян. Ешкімге ақталып әуре болғам жоқ. Сол кезде келген жас тілшілер қазір облысқа аты танымал журналистерге айналды. Бір тілшімді аттай қалап телевизия алып кетті. Жаңа белеске шыққысы келген соң, әрі өзі барғысы келіп тұрған соң шығарып салдық. Бірақ, қай кезде де оған редакцияның есігі ашық.

Индира қандай басшы? Қатал әлде жұмсақ?

Қандай басшы екенімді редакцияның журналистерінен сұрау керек шығар. Өзімше бәріне әділетті болуға тырысамын. Бірін мақтасам, екіншісі ренжіп қалғандай болады кейде. Ондайда торт әкеліп, өзім шәй қойып, қыздарды дастарханға шақырам. Айтпақшы, біз апта сайынғы жаңа нөмірді дастархан басында шәй ішіп отырып жоспарлаймыз. Қыздарға ризамын, олар маған риза ма, жоқ па, өздерінен сұраңыз.

Ерік өзіңде болған соң газетке қандай өзгерістер енгіздің?

Аса қатты өзгерістер бола қойған жоқ. Дегенмен «тек жергілікті тақырыптар қамтылуы тиіс» деген қатып қалған қағидадан аздап жылжыған сияқтымыз. Газет оқыған адам барлық оқиғадан, жергілікті ақпараттан бөлек әлемнің немен тыныстап жатқанынан хабар алуы керек деп есептеймін.

Қалада қазақша аудитория жинау оңай ма?

Қалада қазақша аудитория жинау неге қиын болуы керек? Меніңше, бұл стереотип. Қалада газет оқитын қазақ көп. Оған күнделікті редакцияға келетін қоңыраулар мен хаттар дәлел.

«Керек.INFO» – өңірдегі жалғыз тәуелсіз қазақ газеті. Өз мұңын шағуға көп адамдар келе ме?

Өз проблемасын айтатын адам көп. Тіпті бізге ұсақ-түйек болымсыз нәрсе болып көрінетін нәрсе адамдар үшін үлкен проблема. Былтыр «Қобда ауданының бір мектебінде жылу жоқ» деп бір оқырман хабарласты. Біз Қобда ауданының әкіміне хабарластық. Ол екі сағат ішінде жылуды реттеп берді. Әлгі оқырманымыз қатты қуанып, бізге үшбу хат-тілек жолдапты. Халықтың проблемасын жазамыз деп талай сотқа да бардық. Әрбір сот – біздің тәжірибемізді шыңдай түседі. Депутатқа жақпаймыз, халыққа жақсақ жетеді.

Газеттің көмегімен қандай күрделі мәселелер шешілді?

Қаланың ескі аудандарындағы көшелер мәселесі газеттің көмегімен шешілді. Жылдар бойы жөндеу жасалмаған жолдар біз мақала жазған соң ретке келді. Ескерткіштер мәселесі де солай, газет араласқан соң реттелді. Педофилдерге қарсы петиция жариялаған да біз. 41 разьезд жақтағы сасық иіс туралы да біз көтердік. Айта берсе көп қой. Бұл біздің жұмысымыз.

Егер басшылық штатты толықтыруға мүмкіндік берсе, қай ақтөбелік тілшіні жұмысқа шақырар едің?

Өкінішке қарай, жеке басылым болған соң толыққанды штат жасауға мүмкіндігіміз жоқ. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды». Ал егер мүмкіндік туып, жаңа қызметкер алатын болсам, Аружан Смағұлова деген жас қызды жұмысқа алар ем. Ол танымал емес, бірақ өте сауатты, өте тиянақты, жауапкершілігі мол маман болар еді.

Өңірде тілшілерді дайындайтын оқу орны жоқ. Жас мамандарды қалай даярлайсыз?

Өңірде маман дайындайтын оқу орнының жоғы кәдімгідей біздің жан жарамызға айналды. Филология мамандығын оқып келген жастарды журналистика саласына қайта бейімдеу оңай емес. Көбінесе оларды «филология тәмамдасаң, журналист те боласың» деп оқытады екен. Ол дұрыс па? Редакцияға келгенде сұхбаттың не екенін білмейді, сауалнама жүргізу, ақпарат алу дегеннен бейхабар. «Әдемі жазып, өлең шығарсам» журналиспін деп ойлайды. Журналист деген ең алдымен хабар таратушы адам. Ол ешкімге өз ойын тықпалауға, эмоцияға берілуге құқы жоқ. Осылайша диплом алып келген филологтарды журналист қылып қайта тәрбиелеуге тура келеді.

Газетке келген жаңа маманның журналистикаға көзқарасы қандай: бұл жер ақша табуға, шаруа шешуге, таныс іздеуге, әлде танымал болуға таптырмас мүмкіндік деп қарайды ма?

Газетке келген жас маман ең алдымен танымал болғысы келеді. «Сөзім өтсе екен» дейді. Ондай амбиция дұрыс деп есептеймін. Әр журналист жұлдыз болуы керек. Сонда ғана оның сөзі өтімді, қаламы қарымды болады. Бірақ «жұлдыз болудың жөні осы екен» деп шектен шығып, журналистиканың этикасын белден басуға болмайды.

Сайт па, әлде газет пе? Неге?

Сайт та керек, газет те керек. Газетке сараптама, сайтқа ақпарат шықса керемет тандем болады.

«Тілші» сияқты бөлек тәуелсіз медиа жоба ашу ойыңда бар ма?

«Тілшінің» Ақтөбе журналистикасына берген жемісі мол. Тіпті менің журналистерім де сол «Тілшінің» шеңбелінен шықты. Медиа жоба ашу жоспарда бар. Әлеуметтік желіде бір жоба ашқым келеді. Қаншалықты жемісті болады, ол жағын айта алмаймын.

Марат Төлепберген, «Тілші»

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған