Ақтөбелік тәжірибелі интервьюер Гүлсаян Ыбырай үздік сұхбаттың қыр-сыры жөнінде

«Керек.INFO» газетінің тілшісі, фрилансер, SMM-маманы Гүлсаян Ыбырай «Тілші» сайтына сұхбат берді. Әріптесіміз сұхбат алудағы негізгі қателіктерді тізбектеп айтып, қажетті лайфхактармен бөлісті.

Алғашқы сұхбатың есіңде ме?

Әрине, есімде. Оны ұмыту мүмкін емес. Ол кезде «Керек.INFO» қалалық қоғамдық-саяси апталығының редакторы Жаңагүл Жүрсін болатын. «Штаттан тыс тілшісің, саған «Кейіпкер» айдарын тапсырамын. Ақтөбедегі айтары бар азаматтардан сұхбат аласың» деді. Ақтөбеге енді көшіп келген кезім. Ешкімді танымаймын. Көзім бақырайып, аспаннан түскендей болып отырмын. Оның үстіне мамандығым журналист болса да, бір күн де жұмыс істеп көрмеппін. Себебі оқу бітіргелі бірден тұрмыс құрып, декретке шығып кеткенмін. Абырой болғанда редакциядағы қыздар қолдады. «Бекарыстан Мырзабай деген тарихшы ағай бар. Сол кісімен кездессең, айтары көп» деді. Нөмірін тауып берді. Ағай қаладағы үйінде екен. Көрші боп шықтық. Бұрыннан танитын адамдай амандасып, өзімді таныстырдым. Жүзі суық болса да, сөзге шешен. Жанына майдай жағатын сұрақтар қойсам, езу тартып жауап береді. Емтихан қабылдап отырғандай өзіме де сұрақ қояды. «Өзім де батыл екенмін, белгілі ғалыммен кездесіппін» деп кейде ойлап қоямын. Сол ең алғашқы сұхбатым алты сағатқа созылыпты. Әңгіме айтып отырып, диктофонды сөндіруді де ұмытып кеткенмін. «Сұхбатыңды қалай қысқартарымды білмей отырмын, жақсы материал шығыпты» деп бас редакторымның мақтағанын әлі ұмытпадым.

Сұхбат алуда жасаған ең үлкен қателік? Әлі күнге дейін өкініп жүрсің бе?

Ондай қателігім болды. Соны есіме алсам, жылағым келеді. Ақтөбеден шыққан IT-маман, блогер Аршат Ораздан сұхбат алуым керек болды. Бірақ ол сұхбатқа әрең келісті. Сұрақтарды поштасына жібердім. Әр сұраққа қысқа нұсқада жауап берді. «Қайтадан толықтырып беріңіз, бір бетке толмайды» деп айтуға ұялдым. Сонда ескі сұхбаттарын қарап шығып, үзінділерді қиып алдым. Құрақ көрпе құрағандай қолдан материал жасадым. Айтпаған нәрсесін аузына салдым. Өзіне де бір қаратып алуым керек еді. Газет шыққан күні бас редакторым Индира (Кереева – авт.) қоңырау шалып, ұйқымнан оятты. «Не бүлдірдің? Аршат ренжіп, сотқа бергелі жатыр» деді. Үстіме мұздай су құйып жібергендей әсерде болдым. Кінәмді бірден мойындап, жағдайды түсіндірдім. Бірақ өзіне қоңырау шалуға қорықтым. Екі ортада дәнекер болып, жағдайды реттеген Индираға рақмет! Сотқа бермейтін болыпты. «Ауыратын баласы бар екен, аядым» деп Аршат ойынан айныған. Кірер жер таппадым ғой. Бірнеше күн жылап, түрлі ой мазалады. Бірақ, бір қызығы, жұмыстан шығамын деген ой болмады. Ешқашан оңайлықпен артқа шегінбеймін. Бес жыл бұрын 21 мың теңгеге газеттің 3-4 бетін дайындап беретінмін. Еңбектен қашпаймын. Кейін фейсбукте Аршатты белгілеп, кешіріп сұрап жаздым. Жауап болмады. Әлі ренжіп жүрген сияқты. Мен үшін бұл үлкен сабақ. Қазір тапсырысқа пост, эссе, курстық жұмыс жазсам да ешкімнен көшірмеймін, ұрламаймын. Қателік – ең бағалы тәжірибе. Оны ешбір мектеп, ешқандай жоғары оқу орны үйретпейді. Аршатты ренжітіп алғаныма қатты өкінемін.

Сұхбатты қалай жоспарлайсың? Қызықты тұлғаларды қайдан табасың?

Көбіне редакторым тапсырма береді. Фейсбуктен іздеймін, редакциядағы қыздардан сұрастырамын, ауыл-ауданда қандай таланттар бар деп құлағым түрулі жүретін. Барлығы қызықты болды дей алмаймын. Арасында сұхбат алуға аса келмейтін адамдар болды. Бір сұхбатқа бара жатқанда екіншісі дайын тұрады. Газет апта сайын шығатын болған соң, уақыт тығыз. Материалды уақытылы тапсыру керек.

Сұхбат жақсы шығу үшін не істеу керек?

Жақсылап дайындалу керек. Онсыз қалай сұрақ қоясың? «Туған жеріңіз, балалық шағыңыз туралы айтыңызшы» деу екінің бірінің қолынан келеді. Бірақ ел біле бермейтін, бұрын айтыла қоймаған тұсын білу, соны сұрау сұхбаттың көркемдігін аша түседі. Мақсат – интрига, сенсация жасап, рейтинг жинау емес. 10-15 минутын газет оқуға арнаған адам жаңа дүние алып кетсе деймін. Мәселені көтеруге тырысу керек. Жауабын қатты өңдемей, өзі сөйлеп отырғандай әсер қалдыр. Барынша шынайы сұхбат жасауға талпын. Сұрақтарды дайындағанда, аудиожазбаны қағазға түсіргенде «бұл айтқаны біреуге қызық па», «қажет пе» деп оқырман көзімен қарау керек. Сын көзбен қараған дұрыс.

Өзің жаратпай, оның пікіріне, көзқарасына қарсы боп, соған қарамастан сондай адамнан сұхбат алып көрдің бе?

Әрине, болды. «Осындай кісіден сұхбат аласың» деп редакторым жұмсап жіберді. Танымай, дайындалмай бардым. Ол да бір өзінше кісі, бірақ артық сөз айтып қоймайын дейтін сақ адам екен. Проблемалық сұрақтарға «бәрі жақсы», «бәрі керемет» деп жауап қайырып, қарап отырды. Қысқасы, өтірік сұхбат болды. Еш қанағаттанбадым. «Онкологиялық ауруды домбыраның үнімен емдеймін» дейтін атадан сұхбат алғаным есімде. Ем-домдары, айтып отырған ойлары көкейіме қонбады. Халыққа қайтіп жеткізем деп басым қатты. Мақтаншақ адам екен әрі. Үйге келгенде сұхбатты қағазға түсіріп отырып, біраз қиналдым. «Не үшін ол кісіден сұхбат алдым?!» деп өкіндім. Ақтөбелік бетке ұстар келіншек «әйел күйеуін алдап-сулап ұстап отыру керек» дегенде шок болдым. Бұл сөзі оқырманға не тәрбие, не тәлім береді екен деп ойладым.

Бір сұхбатты жазып шығу үшін қанша уақыт жұмсайсың?

Енді қанша уақыт дегенде, ол кезде балам мазасыз, күндіз тамағын беріп, жағдайын жасауым керек. Сұхбатты түнгі сағат 12-де қағазға түсіре бастап, таңғы 4-5-те редакция поштасына жіберетінмін. Сол әдет болып кетті. Оның үстіне ұлым түнде де жүз оянады. Қасында отырып, арқасын сипап ұйықтатып, қайта жазамын. Сұрақ қойғанда диктофонның жазбасын жаңартуды кейін үйрендім ғой. Ұзын-сонар жазбаны қағазға түсіру оңай емес. Кейіпкер көп сөйлеп, тақырыптан ауытқып кетсе, әдеппен сұраққа жауап беруін өтінетінмін. Оны да кейін үйрендім. Барлығы тәжірибемен келеді.

Сұхбат алған кезде ыңғайсыз жағдайлар болды ма?

Диктофоным қосылмай қалған кездер болды. Кейіпкермен қоштасып, диктофонымды қарасам, жазба сақталмаған. Үйге бара салып, тез-тез айтқандарын қағазға түсіріп, әрең жазамын. Аудиожазба өшіріліп қалған кез болды. Кейіпкер басқа қаладан келген. Қайта қоңырау шалып, ватсаппен интервью алдым. Бірақ алғашқыдай әсерлі шықпады. Адасып, кешігіп барған кезім есімде. Сұхбат алып шығып, анонсын инстаграм парақшамда бөліскенімде «сен мені пайдаланып, шындықты айтқызып, қиянат жасағың келді ме» деп хабарласқан апай болды. Айта берсе көп.

Жазылған, бірақ жарияланбаған сұхбаттарың бар ма? Болса, кімдер туралы?

Жоқ, ондай болған жоқ. Бірақ қаншама шындық газет бетіне жетпей, сөз жөзінде қалатын. Сұхбаттан кейінгі сұхбат – нағыз сұхбат қой! Диктофонның қызыл кнопкасын басқанымда, көп адам өзгере салатын. Сөйлеу мәнеріне дейін түрленеді.

Дәл қазір кімнен сұхбат алғың кеп жүр?

Мүмкін болса, Ақтөбені басқарып отырған әкімнен сұхбат алып, «қашан жолдар толығымен жөнделеді», «қашан Батыс-2 ауданындағы жағымсыз иіс басылады» деп сұраушы едім. Димаш Құдайбергенмен кездесіп сөйлессем, жақсы материал шығатын сияқты. Өнер жолында жүрген балаларға стимул беретін сұхбат жасаймын. Істеген ісіне өкінетін сотталушыдан не ВИЧ жұқтырған науқас, нашақордан сұхбат алу ойымда бар. Мейлі шалажансар жанр, интервьюді ешкім оқымайды дей берсін. Айтары, көргені бар адамдармен сұхбат мәнді, дәмді шығады.

Сұхбат алуда кімге еліктейсің?

Тап біреуге еліктедім дей алмаймын. Еліктемеген де шығармын. Журналистикада үйреткен біліммен салмақты сұхбат жасауға тырыстым. Әр сөзге, әр сөйлемге мән беріп, кейіпкердің бейнесін, айтарын ашуға тырыстым.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған