БӘСЕ арнасының редакторы Наталья Садықова Украинадағы тұрмысы мен қазақстандық медиа жөнінде

БӘСЕ арнасының редакторы Наталья Садықова «Тілші» сайтына сұхбат берді. Әріптесіміз Украинадағы жағдайы мен отбасысы, БӘСЕ жобасы мен қазақстандық журналистика жөнінде ой қозғайды. 

Украина қалай, Наташа? Әбден үйренген боларсың…

Украина – еркін ел. Қазір бір минут, санап алайыншы, осымен алтыншы президентін сайлап алған ел. Шағын қадамдармен болса да, Еуропаға жақындап келеді. Януковичтің кезінде қандай болғанын айта алмаймын, өйткені, біз Киевке Даңқ революциясы жеңіске жеткен кезде, 2014 жылы келдік. Украина бізге саяси баспана берді, құдайға шүкір етеміз, қауіпсіз жағдайда тұрып жатқанымызға жеті жылдан асып барады.

Әдетте, «Украинаға қараңдар, қырылып жатыр», «қырғыздарда үнемі төңкеріс, күнде соғыс» деген сарында пікірлер айтылады. Сенің ойың қандай?

Бір кездері Қазақстанның жоғарғы билігіндегі адамдар арасында Украинаны құбыжық етіп көрсету белең алды. 2014 жылы Майданнан кейін Ресей Қырымды аннексиялады, Донбаста соғысты тұтандырып жіберді. Осы сынақтар мен қиындықтардың барлығына қарамастан, Украина халқы еркін, азат болып қала берді.

Бұл жақта адамдар құқық қорғау органдарынан қорықпайды, жол сақшылары көлік жүргізушілерінен пара алу үшін бұтақтардың арасына тығылып тұрмайды. Украинада шағын және орта бизнес қағаз жүзінде емес, іс жүзінде дамып келеді. «Қашан президенттің інісі келіп, табысты бизнесімді тартып алады» деп уайымға салынбайды.

Еркін нарық, тәуелсіз журналистика, митингтер өз дегеніне қол жеткізіп отыр, мұның барлығы елдің экономикалық дамуына бірден-бір себепкер. Егер Қазақстанда жағдай осындай болғанда, әлдеқашан әлемдегі озық елдердің біріне айналар ма едік.

Украина мен Қазақстан халықтары арасынан қандай айырмашылық, қандай ұқсастық байқайсың?

Украинада, жалпы алғанда, адамдар өте белсенді. Мысал ретінде айтайын, осыдан біраз жыл бұрын пәтерімізге бірнеше ірі ер адам кіріп келді де, өздерін полицейміз деп таныстырды. Шын мәнінде олар полициядан емес еді. Көршілеріміз жетіп келіп, жағдайды сұрай бастады, әлгілерден құжаттарын талап етті. Адамдар өз құқықтарын жақсы біледі, өздерін қорғаудан қорықпайды. Мұнда саяси, азаматтық және журналистік қызметің үшін қудаламайды.

Меніңше, кез келген елдің адамдары кейде ұқсас келеді, адами құндылықтары да ортақ. Украиндер де отбасы құндылығын жоғары қояды, мұнда тек жақын туыстарымен шектелмейді, алыс ағайындарымен де байланыс орната біледі. Кіндік шешелерін қатты құрметтейді. Қазақтар ашық, ақ көңіл болып келеді, туыстары өте көп. Киевте көбінесе бір-екі баламен шектеледі. Отбасында үш бала болу сирек құбылыс.

Үйіңді сағынасың ба?

Әрине, сағынамын. Әр адамның бір отаны болады. Әлем елдері қанша жерден жақсы бола берсін, туған жеріңдей бола алмайды. Балаларың өз ана тілінде сөйлей алатын елде тұру керек деп есептеймін.

Қазақстандағы журналистиканы сырттай бақылап отыратын боларсың, қандай мәселе көзге ұрып тұрады?

Қазақстандағы журналистиканың басты мәселесі – биліктің мүддесіне қызмет етуі. Тәуелсіздік, еркіндік туралы ештеңе айтылмайды. Кез келген ірі басылымның артында Назарбаев әулеті немесе әулетке қатысы бар адамдар тұрады. Сонымен бірге, медианың басым бөлігі әбден мемлекеттік тапсырысқа үйреніп алған. Сондықтан, ешқандай позитивті тенденция көріп тұрғаным жоқ.

Пабликтер мен блогерлер саны артып келеді. Ақпарат құралдары олармен бәсекеге түсе алады ма, ол енді бөлек әңгіме.

Жалпы, әлем бойынша медиа саласы қайда бара жатыр, қалай қарай бағыт алды?

Қазіргі тренд – интернет теледидарды ысырды. Ал интернетте контент аудиторияға – оқырманға, көрерменге ұнайды немесе ұнамайды. Егер қызық болмаса, басқа арнаға ауысып кетеді. Бұл ретте Қазақстандағы жеке-дара бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге төтеп бере алмайтынын аңғаруға болады.

БӘСЕ жобасына қайта оралсақ…

БӘСЕ дамып келеді, құдайға шүкір. Біздің арнаға жазылып жатқан, арнамызды көретін барша көрерменге алғысымыз шексіз. Журналистің күнделікті жұмысы қандай қиын екенін өзің де түсіну керексің.

Аудиторияң, боттар, тағы басқалары сені қалай қабылдайды?

Интернеттегі хейтке аса мән бермеймін, қалыпты жағдай ретінде қараймын. Бұл біздің мамандықтың ажырамас бөлігі сияқты. Боттар шабуылдап тұрады. Сол боттарға мемлекеттік қаражатты шашып отырған Назарбаев режиміне аянышпен қараймын. Одан да осы қыруар қаржымен көпбалалы отбасыларға көмектеспей ме?

Жалпы алғанда, БӘСЕНІҢ аудиториясы өте белсенді. Көптеген қазақстандықтың қолдауын сезінеміз. Сондықтан, мұңаятындай себеп көріп тұрғаным жоқ.

Ақтөбені ойлайсың ба? Жерлестеріңмен байланысып тұрасың ба?

Байқауымша, Ақтөбе жақсарып келеді, халқы көбейіп жатыр. Алайда, ақымақ билік, әдеттегісінше, барлығын құртып отыр. Экологиялық катастрофа туралы айтпай-ақ қояйын.

Киевте ауа лас дегенде ойыма алдымен Ақтөбедегі ахуал оралады. Қаланың ішінде бірнеше химиялық зауыт жұмыс істеп тұр емес пе?! Елек өзеніндегі алтывалентті хромның мөлшері шамадан әлдеқайда тыс. Өкінішке қарай, Ақтөбе өте ластанған қала және бұл мәселені дереу қолға алу керек.

Айдос (Айдос Садықов – саясаткер) аман ба, үлкен қыздарың Шарлиз, Украинада дүниеге келген кішкентайларың қалай? 

Киевте тұрғып жатқанымызға жеті жыл. Айдос нағыз ер азамат, жақсы отағасы, қамқор әке. БӘСЕ жобасының да алға басуы, алдымен, Айдостың еңбегі. Үлкендерім 10 және 8 жаста. Шарлиз биыл оқу жылының соңында мақтау қағазымен марапатталды.

Шыңғыс үшінші класты аяқтап, Жаңа Украина мектебі бағдарламасына ілікті. Бұл бағдарлама білім саласындағы ауқымды реформа жемісі. Онда балаларға баға қойылмайды. Балалар украин тілінде білім алады. Жалпы, Украинада мектептердің басым бөлігінде ана тілінде оқиды. Меніңше, бұл дұрыс. Қазақстан да осындай тәжірибе енгізу керек деп есептеймін. Кішкентайымыз Айханым таяуда екі жасқа толды. Үйдің нағыз еркесі, барлығымыз жақсы көреміз.

Асқар Ақтілеу, «Тілші»

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған