Есенгүл Кәпқызы, медиатренер: Дерек пен пікірді ажырата білген жөн

Қазақстандағы Нидерланды Корольдігі елшілігінің қолдауымен жүзеге асырыла бастаған «Қазақ журналистерінің әлеуетін көтеру» жобасы аясында Ақтау және Ақтөбенің жас тілшілеріне Есенгүл Кәпқызы ақпаратқа қол жеткізудің басты тәсілдерімен бөлісті.

 “Журналистер шынайы және жалған ақпаратты ажырата алмай қалады” деген медиатренер семинар барысында  ақпаратты танудың бірнеше жолымен бөлісті. Ресми мекемелерден де түрлі тәсіл арқылы ақпаратты алуға болатындығын айтып өтті. Бүгінгі таңда оларға сұрау салмай-ақ ашық дереккөздерден ақпарат алуға мүмкіндік барын жеткізді.

“Дерек және пікір”

«Жаңалықты тану 21 ғасырдың негізгі талабына айналды. Қазір жаңалықты шығаратын журналист немесе профессор емес. Екінің бірі жаңалықтың жаршысы бола алады. Қолына смартфон ұстаған 70 жастағы қария мен хат таныған баланың өзі медиа жасай бастады. Өздері үшін контент жасайды. Сол үшін біз ақпаратты тануға міндеттіміз. Сосын ақпараттың шынайлығын тексеру үшін дерек пен пікірді ажырата білген жөн. Сыни ойлау дағдысын түсіну керек. Егер бір оқиғаға қатысты мен өзімнің жеке көзқарасымды жазатын болсам, ол пікір болып саналады. Бірақ біз көбінде оның пікір екенін білмейміз. Бізге біреу құқық беріп қойғандай сөйлейміз. Осы пікірге көп адам ереді. Менің пікіріме қосылады. Бұрын жеке пікірді ақпаратты берудің үлгісі ретінде пайдалансақ. Қазір ол үлгінің ескіргендігін және кез келген адам өзінің жеке пікірін айтатынын түсіндік. Сондықтан тек нақты дерекпен ақпарат жетаізген дұрыс», – дейді Есенгүл Кәпқызы.

“Сыни ойлау дағдысы”

«Кез келген нәрсеге сыни көзқараспен қарай білу керек. Оны ой елегінен өткізе білу маңызды. Мысалы, ақпарат құралдарында “Ұйықтап жатқанымда біреу келіп қолыма Алла деп жазып  кетті”  деген жаңалықтар кездеседі. Сол ақпаратты біздің журналистер береді. Тіпті тексермейді. Шын мәнінде оның қолмен жазылғандығы көрініп тұр. Бұл сыни ойлаудың жоқтығынан болып тұр. Бүгінгі таңда блогерлердің өзі тілшілерді мазаққа айналдырғандай. Блогерлердің бірі  “21 жастағы қазақ баласы ешкім шешпеген есепті шешті” деген ақпарат таратты. Ол көптеген БАҚ беттерінен шықты. Суретті қарасақ, ол қазақ баласы емес. Жарайды. Ол қазаққа ұқсайды екен. Бірақ ол суретті тексеруге болатын еді. Артынан ол суретті тексерген кезде басқа ұлттың баласы екені белгілі болды. Міне, сондықтан журналистердің қазіргі міндеті бұрынғыдан да күшейе түсті. Қазіргі журналистер міндетті түрде сыни көзқараспен қарай білу керек».

“Ақпаратты шайнамай жұтады”

«Әрине, ол кезде адам қақалады. Біз қазір сондай қоғамда өмір сүрудеміз. Әсіресе, пандемия кезінде жалған ақпараттар көп тарады. Бізді шатастыратын ақпараттар қазір де тарап жатыр. Әлеуметтік желі арқылы зомбифейк ақпараттар көптеп тарап кетті. Ал біз оған сенеміз. Сонда жаңалықты тану бізге не үшін керек?! Журналистиканың негізгі мақсаты – қоғамды шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету. Егер ақпараттың алдында жұмыс істеп отырып, үгіт-насихат жұмысымен айналысатын болсаңыздар,  бұл журналистика емес. Қазіргі ақпарат құралдары көбіне үгіт-насихат жұмыстарымен айналысып кетті. Облыстық басқарманы мақтайды. Бірақ облыстық басқарма өзінің жұмысын істеп отыр. Қызметін атқаруды. Біз сол атқарып отырған қызметін мақтаймыз. Ал соған қаншама қаржы бөлініп жатыр. Біздің қоғам олардың келесі бетін көре алмай тұр. Біздің негізгі мақсатымыз қоғамды шынайы әрі толық  ақпаратпен қамтамасыз ету. Егер  қоғамды шынайы ақпаратпен қамтамасыз етсек, біздің қоғам белгілі бір деңгейге өседі. Факт – шындыққа айналған, тексерілген, дәлелденген тұжырым. Пікір – сіздің бағалауыңыз. Белгілі бір болжамға негізделеді. Адамдар бір мәселені айтып келіп, өз ойын білдіреді. Факт бақылау мен зерттеудің қорытындысы», – деді ол.

Журналистер семинар барысында ақпаратты тануды теория жүзінен ғана емес, тәжірбиелік жұмыс барысында тексеріп көрді. Сонымен қатар медиатренер Есенгүл Кәпқызы  дата журналистиканың да қыр-сырымен  таныстырды.  Өз тәжірибесінен инфографика жасаудың түрлерімен бөлісті.

Ақтілек Орынбасарова, «Тілші»

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған