Алтынай Сағындықова: Журналистикаға қызыққан адам тәуекелге дайын болуы керек

Қазақстандағы Нидерланды Корольдігі елшілігінің қолдауымен жүзеге асырыла бастаған «Қазақ журналистерінің әлеуетін көтеру жобасы» аясында ақтөбелік тілшілермен Алтынай Сағындықова ақпарат алудың негізгі әдістерімен бөлісті.

Журналистикада ақпаратты екі түрлі әдіспен алуға болады. Оның бірі арнайы ұйымдастырылған брифинг. Дегенмен, бүгінгі таңда брифингтің көбі онлайн форматта өтіп жатыр.

«Әрине, онлайн брифингтің де жақсы жақтары да бар. Қашықтықтан отырып үйден жұмыс жасау жедел болуға машықтайды. Онлайн журналистикада жылдамдыққа мүмкіндік бар. Дегенмен спикермен бетпе-бет кездеспегендіктен өзіңізге керекті ақпаратты ала алмаймыз. Сізді ол көрмейді, сұрағыңызды үшінші бір адам қояды. Бұл жерде ол сұраққа жауапты жеңіл беруі мүмкін. Сондықтан сіз «осы жерін нақтыла» деп айтып үлгермейміз. Бұл кемшіл тұсы», – дейді тілші.

Брифинг өткен кезде әріптестеріңіз арқылы бір сұраққа жауап ала алмасаңыз, ол сұрақты әріптестермен ақылдасып неше түрлі етіп қоюға болады. Спикер тығырыққа тірелген кезде оның ауызынан сіз күтпеген ақпарат шығуы мүмкін. Себебі, сұрақ қайталанған сайын спикерде агрессия пайда болады. Ол сол кезде өзін ұстай алмай шындықты айта салуы мүмкін.  Ондай брифинг бізде өте жиі болды.

«Брифингте өте көп цифр айтылады. Оны іріктеу керек. Ақпарат жазған кезде көп цифр керек емес. Жалғыз ғана цифр сіздің тақырыбыңыз болғаны дұрыс. Спикер оқитын өзгертілмеген ақпарат, өзгертілген цифрлар адамның ішін пыстырады. Дегенмен, брифингтің соңына дейін тыңдаған кезде спикер қателесуі мүмкін. Міне, осы кезде өте маңызды ақпараттар шығады. Егер журналист бұған дейін сол тақырыпты жазып жүрген болса цифрды іріктеу оңай болады», – дейді ол.

Семинар барысында Алтынай Сағындықова журналистикада зерттелмей жүрген бірнеше салаға мысал келтіріп, жас журналистерге сол тақырыптарға жазуға ұсынысын білдірді.

Мәселен, ауыл шаруашылығы брифингінде Ақтөбеде қанша ірі қара бар екендігі, неше гектар егін егілгені, қанша адамның субсидия алғанына дейін айтады. Алған жоқ деген жауап айтпайды. Барлығында іріктеу болу керек.

Медиатренердің айтуынша, ауыл шаруашылығының дамымай жатқан салалары бар. Жайылым жетпей жатады. Кімдерге жайылымды қайтарып берді? Болмаса суармалы егін шаруашылығы туралы сұрауға болады. Бұлар – Ақтөбе бойынша зерттелмеген, жазылмаған тақырыптар. Сондықтан кез келген сала бойынша алуға мүмкіндік бар. Кәсіпкерлікке де тоқталуға болады.

«Журналистикада ең қиын тақырып – экономика. Оны түсіну өте қиын. Журналистиканың ортасына келгенде оны біртіндеп түсіне бастаймыз. Ол тек ғана кіріс-шығыс емес. Кез келген зауыт – тұнып тұрған экономика. Оның табысы қанша? Олар немен айналысады? Олардың шығарып жатқан тауары өте ме? Өтпеген жағдайда не үшін өтпей жатыр? Шығарып жатқан тауарлары сұранысқа ие ме? Жаңа технологияны игеріп жатыр ма? Мұның барлығы экономикадағы ақпарат. Сондықтан экономика туралы ақпарат жазу тәжірибе арқылы келетін дүние», – дейді Алтынай Сағындықова.

Бірнеше жылдық тәжірбиесі бар журналист әр ақпаратты мұқият қарау керектігін жеткізді. Жылдам, әрі тиянақты болу – журналистің басты міндеті екенін атап өтті.

Әлеуметтік желіге шыққан ақпаратты көре біліп, уақытында жаза білген дұрыс. Кейін журналистке келетін баспасөз парағы бар. Күніге 10-15 ақпарат жіберетін баспасөз қызметкерлері бар. Ол ақпараттарды кейде оқуға шаршап кетесің. Дегенмен шаршауға болмайды. Міндетті түрде барлық баспасөз парағын ашып қарау керек. Тақырыбы қызық болмауы мүмкін. Бірақ соның ішінен қызықты ақпарат табылады. Сондықтан кез келген нәрсені мұқият оқу керек. Бұл ақпарат агентігімен жұмыс жасаған адам үшін өте маңызды.

«Тілші үшін әр секунд маңызды. 2017 жылғы өзбектердің қырылғандығы туралы баспасөз парағы тарады. Барлығымыз бір чатта отырамыз. Ең бірінші ол туралы ақпарат ТЖД-дан шықты. Оны ашып қарағанымызда 52 өзбек азаматының өлгені туралы жазылған. Ең бірінші видео Асқар Ақтілеудің жеке парақшасында тарады. Бұл оның эксклюзив ақпараты болатын. Ол ортақ чатқа жіберілді. Бірақ оны ешкім назар салып қараған жоқ. Сондықтан осындай ақпаратты бірінші жеткізу үшін жылдам, әрі тиянақты болған дұрыс. Неғұрлым тез жұмыс жасасаңыз, оқырманның қаралымы көп болады. Сонымен қатар сіздің ақпаратты басқалар көшіріп басады», – деді Алтынай Сағындықова.

Бүгінгі таңда ақпарат бірінші болып әлеуметтік желіге жарияланатыны рас. Тренер журналистерге әншінің немесе бишінің парақшасын емес, ақпарат шығатын парақшаларды қарап отыруға кеңес берді.

Әлеуметтік желіде өте көп ақпарат тарататын парақшалар бар. Журналист соның барлығына жазылу керек. Себебі бір парақша да  бірінші болып ақпарат шығару мүмкін. Сондықтан журналист қызықты, үнемі эксклюзив болмаса да ақпарат тарататын парақшаға жазылу керек. Әншілерді немесе бишілерді емес, ақпарат тарататын пабликтерге жазылған дұрыс.

Қарапайым адамдардың арыз-шағымдары болады. Ақпаратты сіздің туған-туыстарыңыздан да алуға болады. Тойға барып, тойдың үстінен сұқбат алуыңыз да мүмкін.

«Әрине, журналистикада қауіпсіздік деген бар. Бірақ оның ішінде тәуекелге бару керек.  Қауіпсіздігіңізді сақтап, телефонмен жұмыс жасаймын десеңіз де болады. Бірақ сіздің жазған ақпараттарыңыз ел есінде қалмайды. Себебі, сіздің басқалардан ерекшелігіңіз болмайды. Көзбен көріп, оқиға орнына барып жазған ақпарат шынайы шығады. Сондықтан оқиға орнына барған дұрыс. Журналистикаға келген адам өзінің тәуекелге баратынын білу керек», – дейді ол.

 Ақтілек Орынбасарова, арнайы TilshiMedia.kz үшін

1 пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған