Баспасөз қызметі қалай жұмыс істеу керек? Сара Амангелдіден бірнеше лайфхак

Қандай да бір мемлекеттік орган немесе жеке компанияның баспасөз қызметкері болу – сол органның айнасы болумен бірдей. Себебі, сен арқылы жасалып жатқан жұмыстар, басқа да болып жатқан оқиғалар БАҚ-тың көмегімен қоғамға жеткізіледі. Ал, ақпараттың оң немесе теріс түрде жеткізілуі тікелей баспасөз қызметкеріне байланысты. Сол себепті баспасөз қызметкері ақпаратты толық жинап, өңдеп оны шартарапқа таратудың түрлі әдістері мен технологиялары арқылы журналистердің дер кезінде ақпарат алуына үлкен  мүмкіндік тудыруы қажет.

Баспасөз маманы жұмысқа кіріспес бұрын бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланудың құқықтық негізін реттейтін құқықтық нормаларды толық біліп, заңдық тұрғыда өте сауатты болуы керек. Егер де, жұмыс барысында қандай да бір мәселе туындаған жағдайда, заң жүзінде әрекет жасасаң, өз жұмысыңа сенімді жүруіңе болады.

Баспасөз қызметкері үшін жаһандану заманында жаңа технологияларды меңгерудің маңызы зор. Яғни, видеороликтер мен фотоларды өңдеу үшін ұялы телефон бағдарларындағы (Play Market, App store) керекті қосымшалардың және инфографика тәсілдерінің қыр-сырын толық меңгерген жөн. Себебі, PR, SMM бағыттарында нақтырақ айтқанда, әлеуметтік желілермен байланыс жасағанда өте қажет болады. Бұл интернет кеңістігін еркін меңгеріп, әлеуметтік желілер арқылы ақпарат көзінің таралу ауқымын кеңейтудің көзі болып табылады.

Жұмыс кезінде таратылатын ақпараттың қайсысы хабар, қайсысы насихат ретінде екенін айыра біліп, соған орай тақырып таңдай білу өте маңызды. Тақырыпты дұрыс таңдай білу ақпараттың кеңінен жариялануына себеп болады. Себебі, журналисттердің ақпаратқа қызығушылығын тудыру кезінде тақырып үлкен рөл атқарады.

Ең бастысы баспасөз хатшысы журналистерді аккредитациялау кезінде өте әділ болуы керек. Яғни, журналистерді алаламаған жөн. Ал, жеке қасиеттерге келетін болсақ, баурап алу, әртүрлі деңгейдегі адамдармен сәтті тіл табыса білу және әзілқойлық қасиеттеріне де ие болу артық етпейді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған