Кезекті 5 лайфхак: Қамбар Мұқаш – мобильді журналистика жөнінде

Көз қорқақ, қол батыр. Мобильді журналистика күрделі, қиын, түсінбеймін деген сөздер — бұл жай ғана сылтаулар. Қате жасаудан қорықпаңыз, ең болмағанда екі-үш кадр түсіріп, монтаждап көріңіз. Алғашқы бейне өніміңіз қателерге толы болатынын қазірдің өзінде білемін. Бірақ сол қателер жаңа саланы меңгеруіңізде бөгет болмауы тиіс.

Қайталай беріңіз. Қажет болса, тіпті плагиат та жасап көріңіз. Өзіңізден әлдеқайда тәжірибелі маманның өнімін, іс-әрекетін қайталауға тырысыңыз. Мәселен, телеарна операторы сюжет түсіргенде қай жерде тұрса, сол жерге сіз де барыңыз. Ол таңдаған ракурсты сіз де таңдаңыз. Әлеуметтік желіде ВВС сияқты әйгілі пабликтердің видеоконтенттерін көріп, соларға еліктеп көріңіз. Бара-бара өз стиліңіз де қалыптасады.

Айфон немесе Андройд? Расында 5-6 жыл бұрын айфон алдыңғы қатарда тұрды. Ал қазір андроидтың жаңа смартфондары да қалыспайды. Самсунгте цветокоррекция, Редмиде стабилизация, Хуауэйде зум жақсы. Бірақ Айфон әлі де бәрін озып келеді. Дегенмен сіз кино емес, 2 минуттық сюжет түсірейін деп жатырсыз. Сондықтан таңдау өз еркіңізде.

Қандай бағдарлама? Менің таңдауым Kinemaster. Себебі бұл қосымшаның таймлапсы компьютердегі монтаждайтын бағдарламаның интерфейсіне ұқсас. Бір кадрдың үстінен тағы бір кадр қоюға болады. Анимациялар, титрлер, заставкалардың шаблондары да бар. Алайда тегін нұсқасында видео Kinemaster логотипімен сақталады. Екінші орында InShot қосымшасы тұр. Мұндағы фильтрлер жаман емес. Тек перебивкаларды қоя алмайсыз. Үшіншісі, Quick қосымшасы. Оның көмегімен сіз кадрларды әуеннің ырғағымен бір-біріне қосып, монтаждай аласыз. Слайдшоу да жасалынады. Аталған үш бағдарламаны Айфонға да, Андройдқа да орнатуға болады.

Ең басты кеңес — тоқтап қалмаңыз. Біліміңізді одан әрі арттыра беріңіз. Тек смартфонмен ғана емес, компьютердегі Movavi, Premier, After Effects бағдарламаларын да пайдаланып көріңіз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған