«Тілшіден» 5 лайфхак: Тележурналист, диктор Салтанат Оңғар – дикция және эфирге дайындық жөнінде

Тележүргізуші бір мезетте мыңдаған адаммен камера арқылы сөйлесу мүмкіндігіне ие. Камера алдында бар сырыңды шынайы, қысылмай ақтара біл. Қуаныш, қайғыны да көз жанарыңмен, дауыс ырғағыңмен халыққа призмадан өткізіп, жеткізе білуің керек екенін естен шығарма!

Тақырыптық жобаларда жанрына байланысты эмоцияңды жасырмай, белгілі мөлшерде оны көрерменді қызықтыру құралы ретінде пайдалан. Ал «жаңалық» жүргізуде дауысыңмен бейтараптықты ұстан. Басты мақсат – дауыс ырғағыңмен маңызды ақпаратқа назар аударту!

Дикция,  артикуляциямен жатпай-тұрмай жұмыс істе. Сөздегі әріпті, жалғауларды жұтып, ауызын ашпай сөйлейтін адамды тыңдау, одан ақпарат алу қиын.  Эфир алдында 5-10 минут жаттығулар жаса, күн сайын жаңылтпаштар оқы. Сөйлеу процесіне қатысатын ауыз қуысы бұлшықетті уқалап, жаттықтырып, эфир алдында «оятамыз».

Қоңыр үнді дауыспен көрерменді баурап алудың да өзіндік тәсілдері бар. Ол үшін тыныс алуды, ішпен тыныс алуды дағдыға айналдыруымыз керек. Жаттықпаған адамдар иықпен демалып,  біраздан соң ауыр тыныс алып,  тіпті сөз арасында күрсінгендей дем алады. Мұнымен де жұмыс істеу керек, сонда оң нәтиже береді.

Шаш үлгісі, макияж ерекше назар аударуды талап етеді. Мұның барлығы тағы да жанрға байланысты. Эфир этикасынан аттамау керек. Таралмаған, жуылмаған, шаш үлгісі жасалған шаш эфирде өңіңізді қашырады. Алайда шашты үлгілеу деген осы екен деп той үлгісін жасап жүрмейміз. Макияж да мұқияттылықты талап етеді. Мөлшерден аспау керек. Бояу жылтырамайтын болуы қажет. Әшекей тағуда да бағдарламаның бағытын ескереміз. Тырнақ үлгісін де ұмыт қалдырма. Эфир алдында бәрі маңызды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған