Гүлсаян Ыбырай – сұхбатқа дайындық барысы туралы

Интервьюге жиналыс не бір іс-шараға барғандай шығып кете алмайсың. Сұхбат беретін адаммен бір апта не 3 күн бұрын келіссең, өзіңе жақсы. ДАЙЫНДАЛЫП БАРУЫҢ КЕРЕК. Тіпті арада 1 күн қалса да, интернеттен, әлеуметтік желіден ол туралы ақпарат ізде. Осыған дейін шыққан сұхбаттары болса, соларды оқып шық. Сұрақты қайталап қою үшін емес, ашыла қоймаған қырын ізде. Таниды-ау деген кісілерден сыр суыртпақтап, пікірін біліп көр. Мүмкін оның ешкімге айтпай жүрген таланты, батырлығы, ісі бар шығар? Әбден зерттеп барып, сұхбат алсаң, ол адам да саған риза болады.

Сұхбатқа кешікпей кел. Кейіпкерден 10-15 минут бұрын жетіп, күтіп отыр. Мұның өзі интервьюдің қалай өрбитініне әсер етеді. Орналасып алып, сұрақтарыңды бір қарап шық. Сұрақ қойғанда блокнотыңа жалтақтай берме. Дайындығыңның шамалы екенін көрсе, ол кісінің көсіліп сөйлеуге құлқы болмай қалады. Білдіртпей көз жүгіртуді немесе тосыннан қарсы сұрақ қоюды үйрен. Қысылма. Сен – доминантсың!

Ит өзінен қорықпаған адамды қаппай, керісінше именеді. Сол сияқты сұхбат берушіден бәсің озық, даусың нық, өзіңе сенімді болуың керек. Сенімді болу үшін ақпаратқа қанығып барасың. Керісінше жағдайда кейіпкердің мысы басып, сені басқарып, сұхбат әлсіз, құрғақ, құр, мылжың сөз боп шығады.

Диктофондағы сұхбатты бір жыл сақта. Кемі. Өйткені даулауы мүмкін. Жала жабады. Қолыңда дәлелің болса, еш саспайсың. Сұхбат басталарда да диктофон қосылатынын ескеріп, еркін сөйлеуін өтін. Бұл этикаға жататын қасиет.

Сұхбат беруші журналисті сынап, өз ақшасына торт алып беріп, сыйлық сыйлауы мүмкін. Сұхбат шығар алдында. Мәдениетті түрде бас тарт. Әйтпесе өзіңді қарыздар сезініп, интервьюдің ащы тұстарын жаза алмай, жазсам ренжиді деп қиналасың. Одан да ештеңе алмай, бірақ интервьюден кейін сыйластық сақтап қалуға тырыс.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған