«Тілшіден» 5 лайфхак»: Баян Сағымбаева журналистикадағы тәжірибесімен бөліседі

Журналист болу үшін ең алдымен үйрететін ұстаздың болғаны маңызды. Бұл істе тақырып табу, спикермен келісу, сұрақ қою секілді жұмыстардың барлығын тәлімгер үйретеді. Мәтінді кез келген адам жаза алады. Әрі ол мәтін жазған адамның өзіне керемет болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде ол басқаларға мүлдем қызықсыз болуы мүмкін ғой. Ал оны оқырманның қабылдауы өз алдына бөлек әңгіме. Тәлімгерің болса, сені оқытып, үйретіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп отырады. Мәтін жазуды, мәтін құрастыруды, ақпарат құрылымын үйретеді.

Өз бетімен үйрену де маңызды. Біреулердің ниеті болуы мүмкін, өзгелеріне расымен мықты ұстаз керек болады. Өз басым еңбек жолымда мықты тәлімгерлерге тап болдым. Он жылдан астам уақыт 31-арнада еңбек еттім. Ұстаздарым менің көзімді ашты деуге болады. Көзім жанып тұратын. Егер аз да болса ниетің болса, журналистика ұнаса, тәжірибелі тәлімгер сенің жолыңды аша алады. Қалай болғанда да, алдымен, журналистика адамның өзіне қызықты болуы керек.

Тәлімгер ауыстыруға келер болсақ, шынымды айтсам, мен оған қарсы емеспін. Әрине, жұмыс орнын жиі ауыстырғанды қаламаймын. Тәжірибемде бірнеше редакцияда еңбек еттім, бірақ бір жұмыстан екінші жұмысқа жиі секірмедім. Алайда, көп тәлімгерден дәріс алғанды құп көремін. Әр редакцияның өз ерекшелігі бар. Редакциялық саясаты да әрқилы. Бірі шапшаң жұмыс істейді, екіншісі жайбасар болуы мүмкін. Журналист қайда жүрсе де, өзіне керегін алады.

Әзірлеген материалдың дауға айналып кетпеуі де маңызды. Журналист мәтінді заң тұрғысынан қарағанда сауатты жаза білуі керек. Оқырманға негізгі ойды жеткізе білген жөн. Мұның барлығы күнделікті практика. Егер аз уақытқа қол үзіп қалсаң, материал әзірлеу де қиынға түсетін кездер болады. Сондықтан, мүмкіндігінше, күнделікті жұмыс істеген дұрыс. Журналистика өте қызықты сала. Спикерлерден тәлім аласың. Интернетте де материал көп. Журналистика майталмандарынан дәріс тыңдаудың өзі ғанибет. Ертеректе 31-арнаның меншікті тілшісі болдым. Компания бізді түрлі семинар, курстарға жіберіп оқытып тұратын. Көп нәрсені сол кезде түсіндім, көзім ашылды деуге болады. Ресейдің НТВ арнасынан келіп үйрететін. Әлі күнге солардың айтқан есімде. Рас, бір-екі күндік семинардан көп нәрсе үйрену мүмкін емес.

Көбінесе тәуелсіз басылымдарда қызмет етіп келемін. Олардың редакциялық саясаты бір-біріне ұқсас келеді. Өзіме сондай редакцияларда жұмыс істеген ұнайды. О бастан шапшаңдықты қажет ететін жағында жүремін. Газетте көлдей материалдар жазып отыра алмайды екенмін. Бір материалды ұзақ уақыт әурелегім келмейді. Маған ақпарат жанры, интернетте «лентаға» материал әзірлеген ұнайды. Жедел, қысқа да нұсқа. Оның үстіне, қазіргі таңда интернет-журналистиканың оқырманы көп. Әрине, газеттегі, телевидениедегі әріптестерімді ренжіткім келмейді. Олардың да өз аудиториясы бар. Оларда да жақсы, пайдалы контент бар.

Жас тілші алдымен өзіне жақын жанрды, стильді таңдап алса екен. Содан кейін іске кірісу керек. Саяси материал жаза ма, экономикаға қалам тербей ме, нақтылап алу керек. Кейбір журналист тек қылмыс туралы жазғанды ұнатады. Бір оқиғаны өзге әріптестеріңнің қалай бергенін қарап отырған жөн. Олардың беру формасы қызықты болуы мүмкін. Соған қарап өзіңнің артық жеріңді немесе керісінше, кемшін тұсыңды біле аласың. Журналистің редакция саясатына бейімделуіне қатысты айтар болсам, адам позициясының өзгеруі екіталай шығар. Өз басым билікке қарасты редакцияда әрі кеткенде бір аптаға шыдадым. Көп нәрсемен келісе алмадым. Сондықтан, маған өзіме ыңғайлы, жайлы редакция іздеген жақсы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған